Тұңғыш Президент оқыған мектеп

Primary tabs

Dec 02, 2021 / 0 comments

Алматы облысы, Қарасай ауданы Қаскелең қаласында Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түлеп ұшқан Абай атындағы орта мектеп-гимназия орналасқан. Елбасы 1958 жылы осы білім ордасын бітіріп шыққан.

Бүгінде мектепте 1938 оқушы, 154 ұстаз бар. Мектеп біртіндеп цифрландыруға көшіп жатқаны байқалады.

Мысалы кіреберісте оқушылардың сынып кестесін QR-код арқылы білуге болады. Одан бөлек, сабақтар арасындағы үзілісте әдеттегі қоңырау емес, күй ойнайды.

Абай атындағы орта мектеп-гимназия қаладағы ең көне мектептердің бірі. 1937 жылы негізі қаланған. 2008 жылы қайта жөндеуден өткен. Мектеп сол заманда өлкеде қазақ мектебі жоқ болғандықтан ашылған. Бастапқы кезде мектеп атаусыз болған. Кейіннен 1945 жылы Абай Құнанбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай ақынның есімі берілген.

Мектептің екінші қабатында екі бөлімнен тұратын музей бар.

Қазақстанның Еңбек сіңірген суретшісі Тоқболат Тоғысбаев Абай мектебінде 1988 жылы болып, мектепте үш ай бойы жатып, майлы бояумен Абайдың портретін салған. Мектептегі сурет түпнұсқасы. Бұл портретті Әбілхан Қастеев атындағы музей де сұратқан екен.

Келесі құнды жәдігердің бірі - 1937 жылы мектепте алғаш соғылған қоңырау.

Музейдің екінші бөлімі Елбасына арналған. Мұнда Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты естеліктер сақталған.

Нұрсұлтан Назарбаев алғаш Президент болғаннан кейін бұл мектепке 1993 жылы келген екен. Ол кезде Абай мектебінің 55 жылдық мерейтойы болған.

Елбасы музейіндегі құнды заттардың бірі - мектепте 1948 жылдан бері жазылған оқушылардың аттестаты. Сол құжатта Елбасының бағалары да бар.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптастары Елбасының туған күнінде және басқа да шаралар кезінде бас қосып тұрады екен.

Елбасы 2018 жылы сыныптастарымен кездесуге келе алмаған. Бірақ сыныптастарына құттықтау хатын өз қолымен жазып жіберген екен.

"...Баяғы Нұрсұлтандарың" деп аяқталады хат.