ХАМАС өкілі: Израильмен 1-2 күнде бітімге келуіміз мүмкін

Primary tabs

May 20, 2021 / 0 comments

Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс күрт ушыққан шақта Германия сыртқы істер министрі Хайко Маас 20 мамырда Израильге ұшып барды. Ол Израиль басшылығымен келіссөз жүргізеді, Палестина премьер-министрі Мұхаммед Штайеге де жолықпақшы.

Германия министрінің сапары – халықаралық қауымдастықтың қақтығысты тоқтатуға күш салып жатқандығының бір көрінісі. Маас бірнеше аптадан бері Газа секторындағы палестиналық радикалды топтар тарабынан шабуылға ұшыраған Израильмен бірге екенін жеткізіп, алайда атысты тезірек тоқтатуға шақырған.

Өткен аптаның дүйсенбісінен бері Израиль мен палестиналық топтар бір-біріне кезек-кезек аяусыз соққы жасап жатыр. Израиль жағына қарай 4 мыңнан астам зымыран ұшырылған. Кейбірі ғана нысанаға жеткен. Бірқатар қалалар бүлінген, соңғы мәлімет бойынша Израильдің 12 тұрғыны қаза болған. Өз кезегінде Израиль әскері де Газадағы ХАМАС радикалды тобының нысандарына соққы жасап жатыр. Алайда қаза болғандар арасында бейбіт тұрғындар аз емес. Газада барлығы 220-дан астам адам опат болған. Бейсенбіге қараған түні де шабуыл толастамаған, алайда ақпаратқа қарағанда алдыңғы күндердегідей емес – соққы пәрмені бәсеңдеген.

ХАМАС тобының жоғары лауазымды өкілі бейсенбі күні Израильмен бітім 1-2 күнде жасалуы мүмкін деп мәлімдеді. Жанама келіссөздер жайлы мәлімет аз – әдетте мұндай жағдайда Египет арқылы келіссөз жүргізіледі.

Израильдің өзін-өзі қорғау құқығын мойындаған АҚШ тараптарды атысты тоқтатуға шақырған.

Сарапшылардың айтуынша, бұл 2014 жылдан бергі осы аймақта болған ірі қақтығыс. Оған Шығыс Иерусалимнен бірнеше палестиналықты көшіру туралы сот шешімі түрткі болған.