Қарасайлық полицейлер алаяқтардың алдында дәрменсіз бе?

Primary tabs

Jan 24, 2022 / 0 comments

Соңғы уақытта полициядан күдерін үзіп, немесе олардың әділдігіне күмәнмен қарап, журналистер мен блогерлерден көмек сұраған жандардың қарасы артты, деп хабарлайды Kaskelen.kz. Солардың қатарында қарасайлық тұрғындар да бар.

Мысалы,  Таукидин Заменулы. Ол 1950 ж туған, Райымбек ауылының тұрғыны. Жұбайы Сәдет екеуі ғана тұрады, жалғыз баласы жол апатынан қайтыс болған. Қарт адамдардың осы қауқарсыз жағдайын пайдаланған алаяқтар, құрылысыңды қатырам деп қарияның жиған-терген ақшасын ( барлығы 5,5 млн!) қалтасына басып жоқ болған. Келер, қайтарар деген үміті үзілген соң, жәбірленуші полицияға барып арыз түсірген. Дегенмен, арада айлар өтсе де,  қарасайлық құқыққорғаушылар аты-жөні, туған-туысы белгілі алаяқты әлі де ұстай алмай жүр. Ең қызығы Икром Дилмурат атты тілі мен қолы жеңіл жігіттен зардап шеккендер аз емес. Бәрінің қаражатын жымқырып, жоқ болып кете беретін бұл сабаздың полиция неге  аяғына тұсау, қолына кісен сала алмай жүр?

Тағы бір жағдай! Таяуда Қаскелең қаласында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығындағы мульти-кассада алаяқтық жағдай анықталған еді. Ол жайында куәгер болған оқырмандарымыз бізге бірінші болып хабарлады.

Яғни, жұмыс барысында осы мекемеде отыратын миграциялық полиция қызметкері паспорт үшін төленген мемлекеттік баж салығына берілген чектің жазулары басқаша екенін байқайды. Ал, QR код арқылы тексергенде, қайырылымдыққа қатысты реквизиттердің шыққанын көреді. Бұл жерге дереу полиция шақырылып, оқиғаны тергеп-тексеруге арыз жазылады. Жалпы, жағдайдың қалай болғаны жайлы біздің ютубарнамыздағы тікелей эфирден де көре аласыздар. Эфир сақтаулы.

Ал, біздің айтпағымыз және ең қызығы бұл емес! Жағдай орын алғаннан кейін араға бір күн салып, біз Халыққа қызмет көрсету орталығына бардық. Бізге жәбірленушілер сұхбат беріп, паспорт үшін төлеген 25 мыңға жуық ақшамызды енді қалай қайтарамыз деп дабыл қақты. Дәл сол жерден бір күн бұрын полиция департаментіне шақырып, түнімен арыз жаздырған тергеушіге хабарласқанда оларға «іс қысқарды, енді хабарласпаңыздар» деген жауап алды. Ол жайында да сол күні түсірілген тікелей эфирден көре аласыздар.  «Қалайша тез қысқарды? Және оған не себеп?» деген көкейдегі көп сұрақпен Алматы облыстық полиция департаментіне ресми хат жолдадық.

Баспасөз қызметінен келген жауап төмендегідей:

Аталған дерек бойынша Қарасай ауданы полиция басқармасында ҚР қылмыстық кодексінің 385 бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Яғни, облыстық полиция департаменті ІС ҚЫСҚАРҒАН ЖОҚ деді. Ендеше келесі сұрақты тікелей Қарасай ауданының бас полицейі Болат  Тотыбаевқа жолдаймыз. Болат Бақытұлы! Сіздің тергеушілеріңіз қылмысты ашуға салғырт қарап жүр ме әлде аудандағы қылмыс деңгейі күр артып, ашуға үлгермей жатыр ма? Неге қысқармаған істі қысқарды деп жылы жауып қоя салмақ болды? Әлде олар басқа мақсатты көздеді ме? Жалпы сұрақ көп. Бірақ, біз өзіңізден қалыпты штампты ресми жауап емес, аталған іс өндірістерінің оң нәтижесін күтеміз.