Қаскелең мектептеріне бөгде адам емін-еркін кіріп жүр. Эксперимент.

Primary tabs

Dec 04, 2019 / 0 comments

Бүгін біз еліміз бойынша қызу талқыға түсіп жатқан  дәретхана тақырыбын көтереміз.

Естеріңізге сала кетсек, жуырда Тараз қаласындағы мектептердің бірінде  азғын  7-сынып оқушысын сабақ кезінде зорлаған болатын.  Оқиға мектептің сыртқы дәретханасында орын алған. Оқиғаға нақтырақ тоқталсақ .

Тараздағы №6 мектепте  38 жастағы ер адам 12 жастағы қызды зорлаған. 

Мектептің сол қапталында ішке енетін есік бар. Күдікті білім ордасының ауласына сол жолмен енген. Ол  оқушы қыз әжетханадан шыққанда тап беріп, жәбір көрсеткен. Тұрғындардың сөзінше, ғимарат ішіндегі дәретхана жабық болғандықтан, 7-сынып оқушысы сырттағы дәретханаға амалсыз барған. География сабағы кезінде сұранып шығып кетіп, сол күйі 45 минутқа жоғалып кеткен қызды мұғалім іздемеген де. Ал әбден азапталған оқушы өзі келіп, жағдайды сынып жетекшісіне айтып берген. Тек содан кейін ғана  дабыл қағылған.

Айта кетейік, аталаған білім ошағында жиырма камера жұмыс жасап тұрған. Педофил сол бейне бақылау камераларына түсіп қалған. Алайда оны бақылап отыруы тиіс вахтер де, инспектор да жұмыс орнында болмаған.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қазіргі уақытта күдікті ұсталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол бұған дейін ұрлық жасап істі болғаны анықталды. 

Тараздағы мектеп оқушысына жасалған хайуандық әрекетке қатысты жағдай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін жетті. Президент қатаң шара қолданып, қала әкімін жұмыстан қуды. Ал, облыс басшысына ескерту жариялады.  

Оқу ордасындағы оқыс жағдайдан бас-аяғы 11 адам қызметінен кетті.  Олардың қатарында мектеп басшылығы, пән мұғалімі,  вахтер, мектеп инспекторы да бар. Бұдан бөлек, 4 бірдей лауазымды полиция қызметкерлеріне қатаң сөгіс жарияланған.

Ал аймақ басшысы Асқар Мырзахметов мектептерге 4 мыңнан астам бейнебақылау қондырғыларын алуға бұйрық берген. Оған келер жылдың бюджетінен 54 миллион теңге қарастырыпты.

Аталмыш жағдайға байланысты Білім министрлігі де барлық облыстың білім басқармаларының  басшыларын жинап, қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Министр мектептерде жақын арада бейнебақылауға жауапты қызметкерді белгілеп, жүйені ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосуды тапсырды. Сондай-ақ мектептер мен балабақшалар аумағында кіріп - шығу пункттерін орнатуға және жылы дәретханаларды жабдықтау үшін қаражат бөлуді жүктеді.

Айта кетейік,  министрліктің мәліметінше, бүгінде елімізде 7 014 мектеп бар, оның ішінде 2 514 мектептің дәретханалары сыртта. Яғни, 157 қалалық,   2 357 ауылдық мектеп бар.

Сырттағы дәретханалар қандай аймақтарда көп?  

Мектеп дәретханаларының сыртта орналасуы бойынша 1 орында Түркістан облысы, мұнда  516   мектептің  оқушылары  қажеттілігін өтеуге сыртқа шығады.  

2 орында өзіміздің Алматы облысы. Ауылдық жерлердегі оқушыларға арналған 412 көше дәретханасы және қалаларда 18 аула дәретханасы бар.

Шығыс қазақстан облысы мектеп жасындағы балаларға арналған 288 сырттағы «дәретханасымен» үшінші орында. Айтпақшы, қазір осы өңірде 30 градус аяз!

Ал аула дәретханасы ең аз өңір Ақмола облысы. Мұнда небәрі төрт дәретхана бар екен. Сондай ақ жетпіс жыл бойы еліміздің астанасы болып келген Алматы қаласының мектептерінде де төрт дәретхана далада орналасқан. 

Тараз мектебінде оқыс жағдай орын алған соң редакциямызға қарасайлық ата аналар да хабарласып,  балаларының қауіпсіздігіне алаңдайтындарын айтты. Ал Қаскелеңде орналасқан Әлімқұлов атындағы орта мектепке тұрғындардың бірі арнайы барып түсірген бейнежазба ғаламторда тез тарап кетті.

 Көтерілген тақырыпқа қатысты біз аудандық білім бөліміне арнайы бардық. Қарасай ауданындағы мектеп дәретханалары қандай жағдайда екенін және балалардың қауіпсіздігі үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын сұрадық. Жарқын Нұрғалымов ауданның барлық мектептері толықтай бейнкамерамен қамтамасыз етілгенін және үнемі кезекшілік жүргізіліп тұратынын алға тартты.

 Иә, қазір мектеп дәретханаларын министрден бастап, әкімдер қоштап, мәселеге айрықша назар аударуда.

Оның дәлелі, аудан әкімінің тапсырмасымен, ауыл әкімдері қазіргі кезде мектептердегі дәретханалармен жақын «танысып» жүр. Кейбірі бұл туралы инстаграм парақшаларына пост та салып қойған.

Біз  де қарап қалмай, Қаскелеңдегі екі мектептке бас сұқтық. Оның алғашқысы Керімбеков атындағы орта мектеп. Қаланың ортасында орналасқан, жылы да жайлы мектеп  ғимаратында дәретхана да, бейнебақылау да бар. Ауласында да  қосымша дәретхана салынған.

Біз бағыт алған келісі нысан, Белинский атындағы орта мектеп.  Мұнда дәретханалар іште орналасқан. Сыртта дәретхана жоқ. Білім ордасының басшысы қазіргі таңда мұнда бөлінген орынан екі есе көп бала білім алып жатқандығын, соған қарамастан ата аналардың алаңдауына негіз жоқ екенін айтты.

Ауданымыздың бас мұғалімі мен мектеп басшыларының сөзіне сенсек, біздің аудан мектептерінде қауіпсіздіктің барлық шаралары қолға алынған екен.

Осы ретте Каскеленкз арнайы эксперимент жүргізіп көрді.

Қаскелеңдегі бірнеше мектептің ауласына белгісіз ер адамды кіргіздік. Атап, айтсақ, Абай, Керімбеков, Белинский, Әлімқұлов, Пушкин мектептеріне бардық.

Ең қызығы бірде бір мектепте бөгде адамға «сен кімсің, неғып жүрсің» деген  жан болмады. Сонда ауыз толтырып айтылған бейнекамералар не үшін, кім үшін қызмет етуде? Мұның бәрі тек көзбоушылық үшін қойылған ба?

Мектептеріміз қауіпсіз, балаларымыз аман  болсын!

 

Нұргүл Әлменбетов