Әке

Primary tabs

Feb 18, 2019 / 0 comments

(Әңгіме)

 

Қысқы таңның ызғарлы желі ызыңдай соғып аялдамада тұрғандарды тоңдырып барады. Шелек – Алматы бағытын бетке алған ақ автобус ағынымен келіп тоқтағаны сол еді, жиналғандар түгелдей ішке ұмтылып, ыңғайлы орындарға жайғаса бастады. Көлік іші бірден толып, автобус күре жолға шығып жүйтки жөнелді.  Қыстың суығынан құтылып, бойлары жылынған жолаушылар біртіндеп ұзын жолды қысқартуды ойластыруда. Бірі жылы төсекте үзілген тәтті ұйқыны жалғастыру қамына кіріссе, кейбіреулер қызықты әңгіменің көркін қыздыру үстінде. Жастар жағы әдеттегідей, ұялы телефондарын түртпектеп әлек болса, тағы біреулері автобус жүргізушісі қосып қойған қазақтың хит әндеріне елітіп, бірде ыңылдап қосылып, бірде бастарын оңды-солды ырғалтып тыңдап отыр. Ал, үшінші қатардың терезе жағына жайғасқан, жасы елуді алқымдаған жігіт ағасының даладағы аппақ қарға телміріп, терең ойға батқан тыныштығын жанындағы өзі қатарлас көршісінің өктем дауыспен телефонмен сөйлескені бұзып жіберіп, еріксіз оның әңгімесіне құлақ салды.

 

- Әй, Шолпан! Шолпан, деймін, не әлі ұйықтап жатырсың ба? Міңгірлемей тез тұр да тамақ жасап қой, мен жолдамын, екі сағатта жетіп қаламын. Ей, басты қатырмашы, ол менің шаруам емес, төркініңде жұмысым жоқ, не мені күшіккүйеу дейсің бе сенің туыстарың келген сайын алдынан елпеңдеп жүгіре беретін... Не, сенің тілің шығайын деген бе? Қазір барған соң жақсылап сөйлесеміз.... Болды!

 

Сөйлесіп болған соң жан-жағына маңғаздана қарап, бір тірлікті тындырғандай болып мақтанып, қасында отырған жігітті иығымен түртіп қойып, «Қатындарды осылай ұстау керек!» деп көзін қысты. Біраз үнсіз, таңырқай қараған ол терең күрсініп сөз қозғады.

 

- Бауырым, нағыз «батыр» екенсің ғой өзің! Жасың менен кіші көрінеді, қай жақтансың боласың?

 

- Осы Шелектенмін, үйленгеніме он жылдай болды, бөлек шаңырақ көтере салысымен Алматыға орналасқанмын. Жаңағы сөйлескен сол әйелім ғой, әлі бала тумады. Бала болмаған соң арамыз да суып кетті, қазір екінші әйел алсам ба деп ойлап жүрмін..., - деп мысқылдап, жымиып қояды ол.

 

- Е, өмір-ай десеңші!- деді көршісі күңіреніп. – Адамдардың тағдыры сан алуан ғой, шіркін. Тәңірім біреуді жарылқайды, кейбір сүйген құлдарына қиындықты үйіп-төгіп береді деседі. Біздер, жұмыр басты пенделер көбіне қолда барымызды бағаламаймыз-ау осы... Бауырым, жол қысқарсын, мен өз өмірім жайлы біраз сыр шертейін. Сен тыңда, бәлкім сабақ болатын тұстары табылып қалар...

 

Қасындағының басын изегенін көріп ағасы сөзін бастап та кетті.

 

- Мен төрт баланың әкесімін. Үш ұлым, бір қызым бар. Әйелімнің аты жаман ауыр науқастан қайтыс болғанына бір жылдай болып қалды. Үйімнің берекесін кіргізіп, шаңырағымның шаттығын шарықтатып отырған осы жан жарым екен. Соның арқасында балаларым еш алаңсыз асыр салып, ойнап-күліп жүріпті. Қара нанымыз бен қара шәйіміз болса да қанағат тұтып, бәріміз бір дастарханда отырғанымызға марқайып, көңіліміз тоят табатын. Енді, міне ауыр қазадан мәңгілікке көз жұмған от анасымен бірге отбасымыздағы бақыт құсы да алысқа ұшып кеткен тәрізді... Екі ұлым үлкен, екеуі де студент болса да өз тамақтары мен киімдерін өздері тауып, достарымен бірігіп жұмыс істеп күндерін көріп жүр. Ал қызым, ботақаным, қазір бірінші сыныпты қарындасымның қолында тұрып оқып жатыр. Олар барын аузына тосып, алақандарында ұстап, аялап отырса да әке-шешесінің берген қара суындай болсын ба? Сағынған соң көріп, мауқымды басайын деп барсам көзі мөлдіреп, бірге кетемін деп жылайды. Оны көріп қалай жүрегім ауырмайды дейсің, алып кетейін десем маған да жұмыс жасау керек қой. Бірақ, оны періште көңіл қалай түсінсін, жаны жабырқап қала береді. Талғарда тұрып жатқан үйіміздің есігінде қазір қара құлып тұр. Жан-жаққа шашырап кеттік осылай. Кенже ұлым бес жаста. Оны осы Шелектегі ағам өз қарауына алған. Оларға да ризамын. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай бағып отыр. Кеше соны көріп қайтайын деп келген едім. Сәби ғой, көре сала асыр салып қуанып, мойныма асылып, еркелеп еді келіп... Түнде жаныма алып жаттым. Азанға жақын оянып қалсам шоқиып қасымда отыр. Шошып кеттім. «Балапаным-ау, не болды, неге ұйықтамайсың?» десем, «Жоқ, әке, ұйықтамаймын, ұйықтасам сен мені тастап кетіп қаласың» дейді. Жаным ашып кетті, қайтейін енді... Басыма киетін тақиям мен ұялы телефоныма дейін апарып тығып қойыпты, мен кетіп қалмасын деп. Міне, осылай күнде перзенттерімнің жан күйзелісін ойлап мың өліп-тірілемін, бауырым. Қолымнан келер шара жоқ. Жөні түзу, пейілі кең жанды кездестірсем осы балаларымды қайта шаңырағымның астына жинап, бақытты қылу үшін бас қоссам деп те ойлаймын. Оған «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» дегендей дәм-тұзымыз жарасар ешкім табылмай тұр. Таңертең үйден кетерде кішкентайымның «Кетпе, мен де барам!» деп шырылдаған дауысы әлі де құлағымда жаңғырып тұр. Онымен бірге жанымның бір бөлшегі де қалып ойғандай кеудем шаншып, көкірегім өртеніп келеді. Басқа түскен баспақшыл ғой, қазіргі жай күйімді дұшпаныма да тілемеспін. Міне, бауырым, менің өмірім осындай. Саған ақыл айтатын жөнім жоқ шығар, бірақ жаңағы өктемдігіңді байқасам, қолыңдағы бақыт құсын бағаламайтын сияқтысың. Сондықтан, ойланғаның жөн болар інішек...

 

Әңгіме таусылғанша жүйткіген автобус Алматыға да жетіп үлгеріпті. Жан жарасын тырнаған ащы күйік көзінен жас болып тамшылаған жігіт ағасы орамалымен бетін сүртіп, есікке беттеп жүре берді...

 

Клара Көпбаева.