2018 жыл Қарасай ауданы үшін несімен есте қалды?

Primary tabs

Jan 01, 2019 / 0 comments

2018 жыл Қарасай ауданы үшін несімен есте қалды? Kaskelenkz өткен 12 айға сараптама жасап көрді.

Қарасайлықтар үшін басты жаңалық – аудан әкімінің ауысуы. 23 мамырда аудан басшысы болып Далабаев Жандарбек Ермекұлы тағайындалды. Ол бұған дейін көршілес Жамбыл ауданының әкімі болған. Ал оған дейін аталған қызметтің тізгінін ұстаған Бигелдиев Махаббат Садуақасұлына Кербұлақ ауданын басқару бұйырды. 

Бір айта кетерлігі, жаңа әкім өз тағына жайғасқан соң ауданның «ақ үйінде» бірқатар ауыс-түйістер орын алды. Атап айтқанда, аудан әкімінің 4-5 орынбасары мен бөлім басшылары өзгерді.

Бұл науқаннан сүйікті қаламыздың мэрі де қалыс қалмады. Яғни, шахарды басқарған  Әділбек Далабаев  қызметінен кетіп, жылы орнын бұған дейін аудан әкімдігінің заң және құқық бөлімін басқарған Мұқашев Асқар Өкенұлына берді.  Тамыз айында қаланы басқаруға үлкен құлшыныспен келген заңгер қаскелеңдіктерді әлеуметтік желі арқылы бірге жұмыс істеуге шақырды. Дегенмен, оның қаланы отырып алып, «онлайн» басқарамын деген ойы бірден жүзеге аса қойған жоқ. Қаланың қайнап жатқан қызу тіршілігінде қылаң беретін көптеген өзекті мәселелерді қаскелеңдіктер посттарына пікір жазу  арқылы қарша боратты.

Қайткенде де әкімнің еңбекқорлығын жоққа шығаруға болмайды. Қала тұрғындарына қоқыс арқылы да пайда табуға болатынын үйретті. Ол аз ба, аудан орталығының көркін арттыруды көздеген мемлекеттік қызметкер күздің қоңыр салқынына қарамай шырша егіп, қыстың қара суығында тротуар салып жатыр.

Елбасының туған жері Үшқоңыр болып аталған елді мекен қайта Шамалған болып өзгерді. Ауылдың аты ғана емес, әкімі де жаңаланды. Жас болса да бас болу бақыты Ержас Тоқтасыновқа бұйырды.

Ержас әкім бұған дейін басқарған 1 Май ауылдық округіне басшылыққа Елдос Мұқатаев келді. Бұл әкім де бірден жұмысқа белсене кірісіп, келе сала ауылдағы қаңғыбас иттерді  қыру арқылы өз іскерлігін көрсетті.

2018 жылы ауданымыздың денсаулық сақтау саласы біраз дауға қалып, республика  көлемінде сынға ілікті. Шілденің соңында Қаскелең перзентханасында бала сатып, байымақ болғандар қолға түсті.  Жаңа туған шақалақты ақшаға айырбастап жатқан жерінен қылмыстық топ құрықталғанын еліміздің журналистер қауымы жарыса жариялады.     

Бұдан бөлек ауданымыздағы инфекциялық аурухана жабылып қала жаздады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов емдеу мекемесінің мүшкіл халін көріп, жабу туралы бұйрық берді. Алайда, біраз тексерістен кейін Алматы облысы əкімдігі аурухана жабылмайтынын мәлімдеді.

Биылғы жыл қарасайлықтар үшін  жан түршігерлік жол апаттарымен де есте қалды. Бірінен кейін бірі орын алған көлік қақтығыстарынан адам шығыны да аз болған жоқ. Солардың кейбіріне тоқталсақ.

Сәуір айында Алматы-Қаскелең тасжолында микроавтобус пен жүк көлігі соғысып, 12 адам зардап шекті. Олардың бесеуі бала.  Қаза тапқандар жоқ.  

Араға біраз уақыт салып әлеуметтік желіде аудандағы тағы бір  жантүршігерлік жол апатының видеосы пайда болды. Байқағанымыздай, Mazda-626 автокөлігі жол шетіндегі металл қоршауға кіріп кеткен. Автокөлік 200 шақырым жылдамдықпен қозғалған. Ал жол апаты Шамалған мен Шалқар ауылының арасындағы тас жолда болды.

Алматы-Бішкек трассасаның бойында бірнеше көлік соқтығысқан жол апаты да жұртшылықтың жағасын ұстатты. Салдарынан бір адам қайтыс болды.

 

«Естімеген елде көп» дегендей, қараша айында қаршадай қызды 26 жастағы жігіт зорлағаны туралы хабар желіні шулатты. Бұл жағдайдан соң тұрғындар ұсталған жігіттің отбасымен бірге ауылдан көшіп кетуін талап еткені туралы 31 арна хабарлады. Мектеп оқушысын алдап шақырып,  арам ойын іске асырған күдікті бұған дейін де осындай пасық әрекетке барғаны анықталған.     

Елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосуға ықпал ететін саланың бірі – білім беру саласы. Биылғы жылы ауданда 37 жеке меншік балабақша ашылды, оның біреуі ғана жартылай мемлекеттік нысан. 2017 жылы ауданда бірден 7 мектеп есігін айқара ашса, биыл ешбір білім ошағы қолданысқа берілмеді. Білім сапасын айқындайтын көрсеткіш – ҰБТ десек, қарасайлық оқушылар үшін ит жылы айтарлықтай сәтті болды деп айта алмаймыз. Тестілеу  нәтижесі – 77,6 пайызды құрап, облыс бойынша 18-ші орынға тұрақтадық.

Осы көрсеткіш әсер етті ме, әлде басқа да жағдайлардың себебінен бе, белгісіз, биыл ауданның «бас мұғалімі» де ауысты. Қазан айының соңында Жарқын Нұрғалимов білім сапасын арттыру міндетін өз мойнына алды.

«Мәдениет – халықтың рухани келбеті» екені сөзсіз. Аудандағы бұл сала да жаңғыру, жаңару  үстінде. Мәселен, аудандық мәдениет үйінің директоры болған Күлжан Әділханқызы бірден аудан әкімінің орынбасары лауазымына жоғарылады.

Биылғы шырша шамын жағу мерекесінен бастап барлық салтанатты іс-шаралар мәдениет үйінің алдында өтетін болды.

Орталық кітапхана да күрделі жөндеуден өтіп, ішінде «коворкинг» орталығы ашылды. Қазіргі таңда Шамалған ауылындағы өнер ордасы толықтай жаңартылып жатыр.

Ит жылы Қарасай жерінің  медиа саласына да жақсы жаңалықтар әкелді. БАҚ қатарына «Каскеленкз» жобасы өз жаңашылдығымен қадам басты. Аз ғана уақыт ішінде ауданның, әсіресе Қаскелең қаласының тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, әлеуметтік желі арқылы халық пен билік арасында алтын көпірге айналып үлгерді. 20 мыңға жуық тұрақты оқырманы бар инста парақша арқылы көптеген өзекті мәселелердің шешілуіне себепкер болды. Бұрын тек жарнамалық сипатта жарыққа шыққан газет ақпараттық бағытқа ауысып, жұршылық қолына жаңа форматта тиді. Ютуб арнамыз да өз жұмысын жандандыра түсті. Жобаның құрылтайшысы «Аломос» компаниясы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына өз үлесін қосып, «Любимый город» қосымшасын халыққа таныстырды.

Осылайша, 2018 жыл қарасайлықтар үшін қай салада да өзгерістер мен жаңалықтарға толы болды.