Басшылар бас қосқан семинар

Primary tabs

Dec 13, 2019 / 0 comments

Бүгінгі таңда білім беру жүйесінде жүріп жатқан өзгерістер педагогтардың ғана емес, білім беру ұйымдары басшыларының да үздіксіз кәсіби дамуы қажеттігін айқындап отыр. Осы тұрғыда ұлттық бiлiм беру жүйесiн модернизациялау жағдайында шетелдiк озық тәжiрибелердi пайдалану мүмкiндiктерiн бағалау, ұлттық дәстүр мен ерекшелiктердi ескеру, бiлiм мазмұнын жаңарту, бiлiм беру жүйесiн басқару мен ұйымдастырудың тиiмдiлiгiн арттырудың жаңа жолдарын iздестiру секiлдi өзектi жайттар ерекше маңызға ие болып отыр.  

Тоғызыншы қараша күні Алматы облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен, облысымызға қарасты аудандардың отыздан астам  мектеп директорлары бас қосты. «Табысты мектеп – стратегиялық жобалар» атты  Жамбыл атындағы орта мектебінің іс-тәжірибесін тарату  семинары өтті. Өткізілген іс-шараның мақсаты –  нәтижеге бағытталған басқаруда білім беру үрдісін тиімді ұйымдастыру бойынша мектеп басшыларына кәсіби қолдау көрсету. 

Семинардың басты бөлігі аталған мектептің директоры Динара Әділбекқызының «Табысты мектеп -  стратегиялық жобалар» атты шебер сыныбын өткізуі болды. Ол өзге әріптестерімен білім беру саласында, соның ішінде мектепті басқару бойынша нені басшылыққа алып, табысқа қалай жетуге болатынын айтып, өз тәжірибесімен кеңінен бөлісті.  

 

Шеберлік сыныбынан соң келген қонақтарға мектептің педагог-психологы Эльмира Санатбекова «Көңілі көтеріңкі адамның еңбегі де жемісті» атты өте қызықты тренинг өткізді. Одан кейін семинарға қатысушылар  бірнеше топқа бөлініп, мектептің білікті ұстаздары өткізген ашық сабақтарға қатысты.

Семинар мектеп басшыларына жаңа білім беру мазмұны аясында көшбасшылық пен басқару, стратегиялық жоспарлау, мектептің инновациялық қызметін жетілдіру, мектепті  басқаруда озық педагогикалық идеялар мен үздік тәжірибелерді жалпы білім беретін мектептерге енгізу сияқты өзекті мәселелер бойынша тәжірибе алмасуға үлкен ықпалын тигізді.  

 

Басқосудың соңында қатысушылар оқушылардың дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады. Ал осындай маңызды шараны ұйымдастырған Жамбыл атындағы орта мектебінің ұжымын республикалық «Өрлеу» порталының директоры Жәнібек Көшкімбаев Алғыс хатпен марапаттады.

Нұргүл Әлменбетова