Блогерді көлік қаға жаздады

Primary tabs

Jan 14, 2020 / 0 comments

Бүгін @Kaskelenkz инстапарақшасының тікелей эфир жүргізушісін көлік қағып кете жаздады. Кейіннен белгілі болғандай, бұл аудандық әкімдіктің қызметкері болып шықты.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп белгілегендіктен, блогерлер де ешкімнің мәжбүрлеуінсіз қоғамдық шараларға атсалысып жүр. Солардың қатарында автокөлік иелерін тәртіпке шақырып, жол ережесін түсіндіру де бар. Сондай шаралардың бірінде еріктіні көлік қаға жаздауы, ол көлік тізгінінде әкімдік жұмысшысының болуы, әрине жай ғана сәйкестік болар. Дегенмен, өзге тұрғындарға үлгі көрсету үшін, ауданның бас әкімдігінің қызметкерлеріне автоқұралды дұрыс басқарып, жөнімен жүргізіп, бабымен аялдауды тағы бір мәрте ескерту артық болмас дейміз. Себебі, мұндай жағдайда жаяу жүргіншінің орнында егде адам немесе кішкентай бала келе жатқанда, оқиғаның қайғылы аяқталмасына кім кепіл? Әлде, мемлекеттік мекеме көлігін тізгіндегендер үшін елімізде басқа заң, ерекше ереже бар ма? Егер @Kaskelenkz тырнақ астынан кір іздеп, хайп жинап жүр деп топшыласаңыздар, ерік өздеріңізде. Ал, мәселенің мәнісін инстапарақшадағы видеодан қарап түсініп, көліктің кімге тиесілі екенін мемлекеттік нөмірінен анықтауға болады. Адами қарым-қатынасты қаламай, өркөкіректік танытқан жүргізушінің қателігі ҚР ӘҚБтК-тің 596 бабы, 1 тармағы бойынша жазаланып үлгерді. Бұл туралы аудандық полиция басқармасы хабарлады.