Жаңашамалғанда өнегелі жастар көп

Primary tabs

May 22, 2019 / 0 comments

Биылғы жыл елімізде «Жастар жылы» деп белгіленді. Осыған байланысты ел көлемінде жастарды қолдауға бағытталған ауқымды іс-шаралар атқарылып келеді. Қарасай ауданында да бірқатар шаралар ұйымдастырылып, оған жастар ерекше белсенділік танытуда, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.  

Солардың бірі - Жаңашамалған ауылдық округінде  өткен «Жастардың өнегелі жүз ісі» атты форум. Оған аумаққа қарасты 6 мектептің оқушылары мен жас мамандары қатысты.

Форумның мақсаты – жаңа жаһандық жағдайда елімізді дамыта түсу үшін жастардың жігер-қуатын біріктіру.

Жастардың жалынды жиыны Шамалған бекетіндегі қазақ орта мектебінде өтті. Дәл осы мектепте биылғы жылдың 22-ші ақпанында мектеп директоры Анар Болымбекованың бастамасымен және жергілікті әкімдіктің қолдауымен аймақ мектептері арасында эстафеталық марафон бастау алған болатын. Бүгінге дейін сол эстафета ауылдық округті толықтай аралап шығып, бастапқы білім ордасына  қайтып келді.

Онда аумақта орналасқан мектептер өз өнерлерін ортаға салды.  Әрбір білім ордасы  форумға тыңғылықты дайындалған. Тақырыптары да түрлі.   Қазақ орта мектебі – «Табиғатты қорғау», Байсалбаев атындағы орта мектеп - «Көрме», жаңа қазақ орта мектебі – «Денсаулық», Бәрібаев атындағы орта мектеп – «Қазақы дәстүрді дәріптеу»,  Көлащы орта мектебі – «Үш тілділік» және Алтынсарин атындағы орта мектеп – «Интернетсіз жастар» тақырыбын  таңдапты. Таңдап қана қоймай, тақырыптарын аша білді. Оқушылар ортада сахналық қойылымдарын көрсетіп, флешмоб биледі.

Сонымен бірге,  жаңашамалғандық «Жас старс» дуэты орындаған «Тек алға» әні де жиналған жастардың патриоттық сезімін оятып, ерекше рух бергенін байқауға болады.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақ орта мектебінің «Самұрық» жастар ұйымы туған жердің табиғатын аялау мақсатында мектеп алдында жастар саябағының іргетасын қалаған екен. Форум барысында аталған саябақтың ашылу рәсімі жасалып, лентасы қиылды.

Жас мамандар   мұндай жиындардың берері мол екенін айтып, аталған басқосудан алған әсерлерімен бөлісті.

Нұргүл  Әлменбетова.