Жаңа серпінге жол ашар жастар форумы
Primary tabs
Бүгін, мерейлі мамырдың екінші жұлдызында, аудандық мәдениет үйінде қарасайлық жас буынға жаңа серпін беретін, тың идеялар туындауына ықпал ететін шара - жастар форумы өтті, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Биылғы жылдың елімізде «Жастар жылы» ретінде аталып, айдар тағылғаны белгілі. Осыған орай, жалпы ел көлемінде ауқымды жұмыстар жоспарланып, жүйелі жүзеге асып келеді. Осы жастар форумы да соның бір жарқын мысалы.
Бұл күні мәдениет үйі жас буын өкілдеріне лық толды. Барлығы жастар жылының логотипі бейнеленген біркелкі киім киіп, қолдарына көк жалауша ұстаған.
Форумның қадірменді қонағы ретінде аудан әкімінің бірінші орынбасары Айжан Назарбаева келді. Жиналғандар түгелдей өнер ордасының фойесінде ұйымдастырылған «Жастар синаргиясы» - үздік стартап көрмені тамашалады.
Ал, президиум мүшелері орындарына жайғасып, форум ресми түрде ашық деп жарияланған соң, аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов кең көлемді баяндама жасады. Ауданның бас мұғалімінің сөзіне сүйенсек, «Болашақ жастардың қолында» ұранымен ауданымызда қолға алынып жатқан жобалар аз емес. Жастарды түрлі саладағы қызметтермен қамту мәселесі бойынша бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі ретінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасын атап өтуге болады.
Бұдан бөлек, баяндамашы жыл өткен сайын жастар арасындағы жұмыссыздық қысқарып келетінін мәлімдеді. Себебі, мемлекеттік бағдарламалар көмегімен жастарды жұмыспен қамтып қана қоймайды, сонымен қатар біліктілігін арттыруға, мамандығын ауыстыруға, жаңа мамандықтарды игеруіне де көп көңіл бөлінуде. Яғни, бұл мақсатта «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» секілді бағдарламалардың берері мол.
Аудан білім мекемелеріне 2018 - 2019 оқу жылында 141 жас маман жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, ауданымызды түрлі байқауларда облыс, республика көлемінде танытып жүрген дарынды жастар аз емес.
Әрине, жастар жайлы сөз қозғағанда өріс алатын негізгі сұрақ – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұл сұраққа нәтижелі жауап беру үшін мемлекет бірнеше бағдар қойды. Осы бағытта «Нұрлы жол» бағдарламасы өз жұмысын бастады да. Осы орайда, біздің ауданда 44 жас маман көтерме ақымен, ал 44 жас маман бюджеттік несиемен қаматамасыз етілгенін айта кеткен жөн.
Бас мұғалімнің баяндамасында айтылған деректерге жарыссөзге жазылғандардың пікірі дәлел болғандай. Мысалы, Л. Толстой орта мектебінің жас мұғалімі Ақнұр Қожантаева «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша мемлекеттен үстемақы алып, баспанамен қамтамасыз етілгенін айтса, тағы бір жас маман Райымбек Қайратұлы өзінің Елбасының «Үш тұғырлы тіл» саясатын іске асырып, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсібін дамытып жатқандығын сөз етті. Ал, Қарасай батыр орта мектебінің мұғалімі Аэлита Гаипова өзі қатысқан «Сыртқы академиялық ұтқырлық» Қос дипломды бағдарламасының жастарға тиімділігін әңгімеге арқау етті.
Ал, форум жұмысын қорытындылаған аудан әкімінің бірінші орынбасары Айжан Нұрділдәқызы ауданымыздың білім саласында 845 жас маман жұмыс істеп жатқандығын, жалпы, жастардың жағдайын жақсартып, әлеуетін көтеруге баса назар аударылатынын атап өтті. Сондай-ақ, жастарды алда келе жатқан үлкен саяси науқан – президент сайлауына белсенділікпен атсалысуға шақырды.
Шараны білім саласында тер төгіп жүрген жас мамандардың күшімен қойылған концерттік бағдарламасы түйіндеді. Әсіресе, Шамалған аймақтық білім мекемелерінің мұғалімдері сахналаған, қазақ елінің тәуелсіздікке жету жолы бейнелеген көрініс ерекше мазмұнымен және әдемі әсерімен көпшілік есінде қалды. Бұдан бөлек, басқа да округтерден келген жастар ән салып, би билеп көрермен көңілін баурады.
Ал, ауданымызда «Жастар»жылының ашылуына орай, жаңадан құрылған «Жастар» квартетінің орындауындағы «Менің Елбасым» әні форумның шымылдығын жапты.