Карантин тәртібіне өзгеріс енді. Кімдерге жұмыс істеуге рұқсат?

Primary tabs

Apr 29, 2020 / 0 comments

Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов төтенше жағдайды ұзарту және жеңілдетілген карантиндік шараларды енгізу туралы Қаулы қабылдады, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаулыда айтылғандай, карантиндік шараларды жеңілдету аясында сағат 05.00-20.00 аралығында растайтын құжаттары бар болған жағдайда бау-бақшаға, саяжайларға баратын азаматтарға, қоғамдық және жеке көліктерге салынған тыйым алынады. Дегенмен бағбандарға (бақша егушілерге) учаскелерде (саяжайларда) қонақ шақырып шара өткізуге тыйым салынады, олар 2 метрлік ара қашықтықты сақтап, медициналық маскалар тағып, антисептиктер пайдалануды жалғастыруы тиіс.
Азаматтарға аула ішіндегі аумақтар мен балалар алаңдарында сағат 09.00 мен 20.00 аралығында серуендеуге рұқсат етіледі. Облыс тұрғындары қол алыспауы тиіс, адамдар арасындағы 2 метрлік қашықтықты сақтап, медициналық маскалар тағып, антисептиктер пайдалана беруі керек.
Атап өтерлігі, COVID-19 инфекциясының тіркелуіне байланысты карантиннің күшейтілген режимі енгізілген елді мекендер мен нысандар аумағында қозғалысқа салынған тыйым сақталады.
Жаңа қаулыға сәйкес автожуу, техникалық қызмет көрсету стаанциялары, дөңгелек жөндеу қызметі сағат 10.00-ден 20.00 аралығында өз жұмыстарын жалғастыра алады.
Сол сияқты таңертеңгі тоғыздан кешкі 16.00 аралығында химиялық тазарту, кір жуу орындары да жұмыстарына кіріседі.
Заңдық қызмет көрсететін субъектілер (адвокаттар, сот орындаушылар және т.б.), сондай-ақ нотариустар тапсырыстар бойынша сағат 10.00-нан 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Жеке тұрған автобөлшектер сататын, құрылыс материалдарын саудалайтын дүкендер де сағат 09 бен 18.00 аралығында ашық болады.
Екінші деңгейлі банктер мен оларға қарасты ақша айырбастау пункттері, несиелік серіктестіктер, микроқаржылық ұйымдар қалыпты режимде жұмыстарын жалғастырады.
Бау-бақша серіктестіктеріне, саяжайларға баратын қоғамдық көліктер сағат 05.00-ден 20.00-ге дейін жүретін болады.
Күзет қызметі ұйымдары, жолдар мен көпірлерді күтіп-сақтайтын, соның ішінде темір жолдарда қызмет көрсететін нысандар да жұмысқа кіріседі.
Бұл ретте карантин кезінде жұмыс істейтін нысандар санитарлық-дезинфекциялық талаптарды қатаң сақтауы тиіс.