Карантин тәртібін бұзған Қарасай ауданының тұрғыны ұсталды
Primary tabs
Карантин тәртібін бұзған Қарасай ауданының тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Kaskelenkz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарасай ауданының тәртіп сақшылары короновирус індетінің алдын алу мақсатында карантинге жабылған «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің аумағынан таңертеңгі сағат 6-30 шамасында заңсыз шығып кетуге әрекет еткен 25 жастағы азаматшаны ұстады. Аталған дерек бойынша қолданыстағы ӘҚбК 476-бабына сәйкес төтенше жағдай тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Алдын ала тексеру барысында құқық бұзушы карантин жарияланған аумақтан шығуға тыйым салынғанын біле тұра, жақын маңдағы базарлардың біріне барып келуге шыққанын айтқан. Дегенмен, ол өзінің және айналасындағылардың өміріне қауіп төндіргенін ойламаған болып шықты.
Текелі қаласының тәртіп сақшылары түнгі мезгілде тыныштықты бұзған және еліміздегі төтенше жағдай тәртібін сақтамаған ойын клубының иесіне тиісті хаттама толтырған. Сот шешімімен құқық бұзған кәсіпкер 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Ал, Іле ауданының 46 жастағы тұрғыны «Алматинка» өзенінің сағасын жағалап, Алматы қаласының аумағына жасырын өтіп кетпекші болған. Алайда, облыстық полицейлердің қырағы көзіне түскен. Заң талабын өрескел бұзған азамат аудандық соттың шешімімен 5 тәулікке қамаққа алынды.
Алматы облысының полицейлері тұрғындарды төтенше жағдай тәртібін қатаң сақтауға, індеттің алдын алу мақсатында сақтық шараларын бұзбауға шақырады. Аурудың жаппай таралуын болдырмау үшін жергілікті билік тарапынан қабылданып сақтық шараларына бағыну қажет екенін және ортақ талаптарды бұзудың қатаң жазаланатынын ескертеді.