Кәсіпкерлер көпбалалы аналарға Қаскелеңнен үй сыйлады

Primary tabs

Mar 07, 2019 / 0 comments

Естеріңізге сала кетсек, ютуб арнамыздың жыл басындағы 9 ақпан күнгі санында ауданымыздағы жеке баспанасында көсіліп жатып, шаңырақ шаттығын сезіне алмай жүрген көпбалалы аналардың мәселесін көтерген болатынбыз. Міне, шуақты көктемнің көркем мерекесі - халықаралық әйелдер күні қарсаңында ауданымыздағы атымтай жомарт азаматтар, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер тұрақты пана іздеген періште – балдырғандардың арманын орындап, пәтер кілттерін табыс етті. Бұл тосын жаңалықтан абдырап қалған асыл аналар еріксіз көз жастарына ерік берді.

Қуаныш иелеріне толығырақ тоқтала кетер болсақ, «Қарлығаш» ықшам ауданындағы бір бөлмелі пәтерге ие болған Жанат Досалина. Ол өзі Атырау өңірінің тумасы. Арман қуып Алматыға келген студенттік шақта Жеңіс атты азаматымен бас қосқан. 2011 жылдан бастап Қаскелең қаласында тұрған. Тұңғышы Темірлан 1 топтағы мүгедек. Одан кейін туған тағы да екі ұлы бар. 17-ге толғанша барлық жағдайы жасалған осындай үйді армандаған баланың бұл күні анасына деген алғысы шексіз. "Бәрі менің анамның арқасы. Мен үшін барлық қиындыққа төзіп, далада қалдырмады" дейді ол.  Мүгедек баланың анасына "Қарлығаш" ықшам ауданындағы бір бөлмелі пәтерді аудандық мәслихаттың депутаты Бауыржан Айнабеков сыйға тартты. Ал, өз кезегінде қуаныштан жүзі бал-бұл жанған ана шын көңілден ризашылығын білдіріп, мейірімді жанға алғысын жаудырды.

 7 наурызда баспаналы болып, бақытқа кенелген кезекті кейіпкеріміз Раушан Рысбекова. Осы күнге дейін өзгелердің үйін жалға алып, баспана азабын тартып келген бес баланың анасы жеке шаңырағының пайда болғанына көпке дейін сене алмады. «Еламан» ЖШС-нің директоры Ерғали Миразов үшемді өмірге әкеліп, еліміздің демографиясына үлес қосып жүрген нәзік жанның жағдайын біздің Kaskelenkz ютуб арнасынан біліп, немқұрайдылық таныта алмай, нағыз азаматқа тән мәрттік көрсеткен. Нақты айтқанда, 3 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды.

Жас ана Раушан болса, талай жылғы арманының бір күнде орындалғанына қатты қуанғанын жеткізіп, қамқорлық танытқан ағаларға алғысын айтты.

Ал, «Қарлығаш» балабақшасының меңгерушісі Салтанат Рашидқызы ықшам ауданға жаңа қоныстанған кішкентай тұрғындарды 50 пайыздық жеңілдікпен тәрбие мекемесіне орналастыруға уәде берді.

Қорыта айтқанда, бұл күн тек баспаналы болған аналар мен кәсіпкер азаматтардың ғана емес, Kaskelenkz ұжымының да есінде көпке дейін сақталатын ерекше күн болды. Себебі, медиа жоба осылай қоғамдағы өзекті тақырыптарды көтеру арқылы, кейбір әлеуметтік проблемалардың шешілуіне теңізге түскен тамшыдай болса да үлес қоқанына өте қуанышты. Лайым ауданымыздағы барша аналардың жүзі жарқын, балалар бақытты болғай!