Ортақ жертөле неге жабық?

Primary tabs

Jul 30, 2019 / 0 comments

Қаскелең қаласындағы Наурызбай батыр, 25 мекенжайында орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары өз қауіпсіздіктеріне алаңдайды, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.

Бұл 2005 жылы ең алғаш ипотекаға берілген тұрғын үй. Қазіргі жағдайы мәз емес. Мұндағы 50 пәтердің жартысынан көбінде пәтер жалдаушылар мекендейді. Өзара ауызбірлік болмаған соң ауладан да, бүкіл үйден де береке кете бастаған. Ал, барлығына ортақ мәселе – олар сатылып кеткен жертөленің есігін аша алмай жүр.

Айнұр Нургалиева осыдан бірнеше ай бұрын үйіндегі су краны жарылып, апатты жағдай орын алғанын баяндады. Сол кезде суды дәл басынан тоқтату үшін сантехниктер жертөлеге кіре алмаған. Себебі, оны сатып алған Шарапат Меңдіғалиева мұнда жеке заттарын қойып, есікке қара құлып орнатқан. Кейіннен амалсыз жертөле есігін бұздырып ашып, суды тоқтатқаны үшін пәтер иелері коперативінің төрайымы үстінен арыз жазған. Сол себепті қазір мұнда коммуналдық шаруашылыққа қарайтын арнайы ұйым да жоқ.

Ал, бұрынғы ПИК төрайымы  Жұлдыз Сақтағанова сол саланың маманы ретінде, тұрғынүйдің подвалын сатуды заңсыз деп санайды. Себебі, қандайда бір апатты жағдай орын алғанда сондағы құбырларға баратын жол әрдайым ашық болуы керек.

Қараусыз тұрған жертөле маңын торлап жүріп тұрғын үй ауласының сыйқы әбден кеткенін де байқадық. Қабырғалар үгітіліп құлай бастаған, бұрыштарды тор басқан, қоқыстар бейберекет шашылып жатыр.

Дүйім жұртты дүрліктіріп, тұрғын үйдегі коммуникацияға барар жолды бекітіп отырған Шарапат Меңдіғалиева шақырылған жиынға келмеді. Кілтті сұрағандарға ертең апарып беремін деп сендірді. Ал, ертесінде біз қоңырау шалғанда жертөле иесі мүлдем басқа жауап қайтарды. Құжаттары заңды екенін жеткізген әйел, жекеменшік нысанда не сақтасада да өз еркі екенін алға тартты. Ал, өрт шығуы тіпті, мүмкін емес дейді. Сонымен қатар келіншек тіпті осы жертөлеге көшіп келіп тұратынын да айтты.

Бірақ, көршілері мұндай өтірік жауаптан әбден шаршағандарын алға тартуда. Жергілікті атқарушы орган өкілдері тұрғындар бұл дауды тек сот арқылы шеше алатындығын мәлімдеген. Себебі, біреудің жеке мүлкіне құзырлы органдар қол сұға алмайды.Бұл жауапқа жиналғандардың өз айтары бар.

Тұрғындар сотқа арыздану біріншіден қаржыны талап етеді, сосын, сот процесі жүріп болғанша аяқ асты құбыр жарылса су басады, немесе Шарапат жинап қойған тез жанғыш заттар тұтанып кетсе, барлығымыздың күліміз көкке ұшады деп отыр...

Клара Көпбаева