Полицей Шарын шатқалында құтқарылған оқушы туралы: Басынан не өткергенін елестету қиын
Primary tabs
Алматы облысының Шарын шатқалында селмен ағып кеткен оқушыны іздестіру операциясына қатысқан тәртіп сақшысы оқиғаның мән-жайын баяндап берді. Құтқару жұмыстарына Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің 50-ге жуық қызметкері қатысқан деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқушы қызды іздестірудің екінші күнінде инспектор Саят Дәркенбаевқа қорықшы өзен маңында қозғалыстың байқағаны туралы белгі берген. Тәртіп сақшысы көмек шақыру үшін өз қызметтік көлігімен базаға көтерілген. Артынша тікұшақтағы құтқарушыларға қыздың орналасуы мүмкін жерді көрсете алатынын айтқан.
"Әуе көлігінен Шарын өзенінің сол жағасында, оқиға орнынан 3-4 шақырым жерде бір адамның жатқанын байқадық. Алайда ол жерге тікұшақ қона алмайтын болып шықты. Шатқал биіктігі шамамен 800-1500 метр. Ол жердің жағасы жартасты келеді. Мен тікұшақтан шатқал үсінде түсіп қалып, үш адамнан тұратын құтқару тобына рация арқылы бағыт-бағдар беріп тұрдым", - деп есіне алды полицей.
Құтқарушылар арқанмен өзенге қарай түсіп, жоғалған қызды жоғары көтерген.
"Қыздың амандығын көріп, қуаныштан ата-анасына бірден рация арқылы хабар бердім. Құтқарушы топтың өте кәсіби жұмыс істегенін атап өткім келеді. Қаршадай қыздың қараңғыда, тауда басынан не өткергенін елестету қиын. Балапан тез жазылып, өмірінде тек жақсылық болсын", - деді полиция қызметкері Саят Дәркенбай.
Еске сала кетсек, 29 мамырда Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам көз жұмып, тағы 6 адам зардап шеккені хабарланған болатын. Кейін еліміздің білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын мәлім етті. Көп ұзамай селмен ағып кеткен оқушы қыздың табылғаны хабарланды және оны құтқару сәтінен видео да жарияланды.