Қаскелең өзенінің бойында жаңа саябақ пайда болмақ

Primary tabs

Apr 19, 2019 / 0 comments

Қарасай ауданының 90 жылдығына орай, аудан көлемінде көптеген жұмыстар қолға алына бастағандай. Ресми емес ақпараттарға сүйенсек, "Beyazh Trans" ЖШС аудандық әкімдікке Қаскелең қаласындағы Қаскелең өзенінің бойында орын тебетін саябақтың жобасын жолдаған. Тіпті, құрылыс жұмыстары сәуірде басталып, қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде, деген де деректер бар. 

Бейнероликке қарағанда саябақ аудан тұрғындарының сейілдеп демалуына және балалардың ойнауына өте ыңғайлы болмақ. Қазір жұртшылықты бұл демалыс орны бой көтерген күннің өзінде халық игілігіне жарап, ұзақ қызмет етіп тұра ма екен, деген сауал мазалауда. Себебі, айта кететін болсақ, бұған дейін Қаскелең өзенінің бойы абаттандырылып, орындықтар қойылып, балалардың ойын алаңы да жасақталған еді. Алайда, ешқандай күзету, саябақты ұстау шаралары қарастырылмағандықтан,бұл жердің шырқы бұзылып, орындықтары сындырылып, қоқысқа толып кеткені жасырын емес.

Алдағы уақытта бұл ақпараттың қаншалықты ақиқат екенін анықтап, тұрғындарды хабардар ететін боламыз.