18 жыл бойы күйеуінен қорлық көрген әйел жантүршігерлік оқиғаны баяндап берді
Primary tabs
Елімізде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай тұр. Мәселен, Алматы облысына қарайтын бір ғана Қарасай ауданында жыл басынан бері 322 әйел күйеуінің үстінен полицияға арызданған. Олардың бірі жұбайынан 18 жыл бойы қорлық көрген деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Есімін жасырын қалдыруды өтінген әйелдің сөзінше, жұбайы өзіне де, балаларына да күн бермей, ұрып-соққан. Тіпті, жүкті кезінде де талай аяқтың астына алған көрінеді.
Ол 18 жыл бойы күйеуі "әлі де өзгерер, түзелер" деген үмітпен өмір сүргенін жасырмайды. Алайда, қызын өлімші етіп сабаған кезде шыдамы таусылғанын айтады.
"Ұрып тастадым деді. Кімді десем ‒ Кәусарды деді. Бөлмесі бөлек болатын. Жүгіріп барсам, баланың дене қызуы көтеріліп қолын көтере алмай қалған. Мен айттым: қыз бала ғой? Сен қырықтасың, ол он жаста. Сонша не болды деп айтсам, жоқ, түсінер емес. Төсекке секірме десе, қызым секіре беріпті. Он жастағы бала еркелеп, ойнағысы келеді ғой енді. Немен ұрдың десем, ‒ өзінің үлкен аяғымен тебе берген ғой тоқтамай. Кіп-кішкентай қызды қалай аяғымен тебеді, түсінбеймін", ‒ дейді келіншек көзіне жас алып.
Тұрғын күйеуінің үстінен ешқашан арыз жазбаған. 2017 жылы жолдасынан ажырасып кеткенімен уақыт өте келе қайта табысыпты. Бірақ кезекті жанжалдан кейін ол бала-шағасымен дағдарыс орталығына келген.
Қазір көпбалалы анаға құқық қорғау қызметкерлері көмек көрсетуде.
"Бүгінде біздің орталықта "Әйел отбасы шырағы" сияқты акциялар жүргізіліп отырады. Осының нәтижесінде былтырғы жылмен салыстырғанда әйелдердің жеке тұлғасына қатысты жасалатын қылмыстың саны төмендеді. Дегенмен де отбасы тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын құқық бұзуышылықтар әлі де фактілері тіркелуде.
Сондықтан осындай фактілерді болдырмау үшін полицейлер халық арасында зорлық-зомбылыққа қарсы насихат шараларын, сауалнамалар мен тәжірибелер ұйымдастырады. Қазір республика бойынша "Зорлық-зомбылықсыз отбасы" атты науқан жүріп жатыр", ‒ дейді Қарасай аудандық ІІБ Жергілікті полиция қызметі Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Эльмира Есенбаева.