«Батыр бабалар» мемориалды музейі
Primary tabs
Қарасай ауданындағы Райымбек ауылдық округіне қарасты Қырғауылды ауылының аумағында 2017 жылы ашылған «Батыр бабалар» мемориалды музейінің сыртқы келбетіне қарасаңыз, қазақтың киіз үйінің пішінін көресіз. Жалпы көлемі бір га жерді алып жатқан ғимараттың диаметрі – 30 метр, ішкі аумағы – 1000 шаршы метр, биіктігі – 9 метр. Жерден алғандағы төбесіндегі стелланың ұшы – 25 метр биіктікте тұр. Әдемі абаттандырылған ауласымен жүріп, есігіне қарай беттесеңіз, жолдың екі жағындағы тастан жасалған екі ескерткішке кезігесіз. Олардың бірі – қазақ батырының бейнесі болса, екіншісі – сақ заманында өмір сүрген садақшы әйел екенін байқау қиын емес. Екеуінің де биіктігі 5 метрді құрайды. Күрті гранитінен жасалған мүсіндер тасты да жарып шығуға дайын қазақ тарихындағы батырлардың арасында ерлермен қатар нәзік жандылар да болып, әділдік пен азаттық үшін күрескендігін айғақтап тұрғандай. Сондай-ақ, сәл әріректе, қос бетте қарама-қарсы тұрған Есік қорғанынан табылған Алтын адамның киіміндегі алтын жапсырмалардың бірі – ат үстіндегі қанатты барыс бейнесі де жанарды жауламай қоймайды. Музейдің айналасынан домалап жатқан үлкен тастарды да көруге болады. Тарихи әдебиеттердегі аңыздарға сүйенсек, ертеде батырлар қандай да бір жорыққа аттанар алдында көтере алатын тастарын әкеліп бір жерге үйеді екен. Күндерге ғана емес, айларға созылған шайқастардан аман оралған ержүрек азаматтар тау болып үйіліп жатқан тастардан өз тасын қайта алып тастайтын көрінеді. Содан сырттай қанша батырдың жорық даласында жер жастанғанын топшылауға болатындай. Музейдің осы сыртқы келбетін, құрылымын сәулетші Бексұлтан Елдос жауапкершілігіне алған.
Бұл музей өзі бір залдан, үш экспонаттар бөлімінен тұрады екен. Яғни, сақ заманынан Алашордаға дейінгі кезеңді қамтитын бір бөлімде осы уақытқа байланысты тарихи мәліметтер, кітаптар, ғұн, түркі дәуірі, Алтын Орда, қазақ хандығы жайындағы мағлұматтар бар. Сондай-ақ, Жоңғар шапқыншылығы, Ұлт азаттық көтерілісіне арналған және Алашорда көсемдері тақырыпқа арқау болған экспозицияларды қызыға тамашаларыңыз анық. Келесі, ортаңғы бөлімде қазақ тарихынан белгілі, ел билеген хандар мен төрелік айтқан билер туралы жәдігерлер сыр шертеді. Ал жаугершілік замандағы батырларға арналған бөлімде жұдырығы тоқпақтай, жауырыны қақпақтай, алдынан шыққан жауын жайрата жеңіп, жылдарға созылған жорықтардан жеңіс туын көкке желбіретіп қайтатын хас батырлардың ерлігін көзбен көргендей әсерге бөленіп тәнті боласыз. Осы орайда, академик Шәміл Қожаханов басшылық ететін «Заман Ту» ЖШС жүргізген көркемдік-безендіру жұмыстарына жоғары баға беруге болады. Оны қолға алғандағы негізгі мақсат – қазақ елінің ерте заманнан қазіргі кезеңге дейінгі тарихын бейнелеп, батыр бабаларымыздың ерліктерін, оның ішінде Жетісу жеріндегі Орбұлақ, Аңырақай шайқастары жайлы мәлімет беру болды десек, ұжымның діттеген мұратына жеткендігі айқын көрініп-ақ тұр. Бұл ретте, тақырыптық-экспозициялық жоспар жетекшісі Алматы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев екенін де айта кеткен жөн. Ал, ағайынды қолөнершілер Құлмантегі Тұрсынжан, Махмұд, Айтберген Жетекұлдарының ағаштан, теріден, темірден жасаған жиырмаға жуық бұйымдары мұндағы жәдігерлерді толықтырып, тарихи маңыздылығын еселей түскендей.
Әсіресе, музейге енгенде бірден көзге түсетіні – төбесінен бұлтсыз ашық аспан көрінетін шаңырақ астындағы төрт қабырға. Оның ортасындағы жер шарының үстінде сәйгүлік атты тізгіндеген нар тұрғалы батыр қазақ елінің ерлігі мен өрлігін айғақтап тұрғандай әсерге бөлейді.
Жалпы, экспозициялардың төрі ел тәуелсіздігіне арналған. Бұл қатарда айбынды азаттығымызды айғақтайтын жәдігерлер, кітаптар, суреттер орын тепкен. Әсіресе, бойтұмар бейнесіне ұқсас, «Қазақстан – Ұлы Дала Елі» композициясының мән-маңызын тереңнен іздеген ләзім.
Мысалы, ол өзі тасбақа тәріздес пішінді тастың үстіне орналасыпты. Көне көшпенділер тарихында тасбақа ең ұзақ жасайтын жануар ретінде есептелген. Яғни, оны «шексіз» деген ұғыммен байланыстыруға болады. Негізгі үлкен шеңберді жалпы «жер шары» деп алсақ, оның ішінен түркі халықтарының шежірелі мәңгілік белгісі мен көкпен ажыратылған қазақ жерін аңғара аласыз. Мұндағы барыстың бейнесі біздің батырларымыздың ержүректігінің, тәкәппарлығының, мықтылығының белгісі. Ал, жоғарғы жағындағы «Өмір ағашына» қонған Самұрық құс – Мәңгілік қазақ елінің сан жылдар арман болған, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жеткен азаттығын, тәуелсіздігін, халқының бірлігі мен тірлігін сақтап, қауіп-қатерден қорғап тұратындай…
Музейдің сыртқы бөлігі де өзіндік сыр сақтап тұратын тәрізді. Жоғарыда, кіре берістегі екі үлкен ескерткіш жайында айттық. Бұдан бөлек, ғимарат айналасында түрлі кезең тарихын өзіне тақырып еткен барельеф тақталар орналасқан. Қысқаша түсінік бере кетсек, ол – бедерлі мүсіннің бір түрі. Француз тілінен сөзбе-сөз аудармасы – аласа бедер. Барельеф ауқымды кескін әрі техникалық негіз, әрі фон болып табылатын тегіс бетке салынады. Кескін композициясы негіздің тұтастығын сақтай отырып, оның жарты қалыңдығындай мөлшерде шығыңқы тұрады. Яғни, баспалдақтармен жылжи отырып, келушілер сақ дәуірінен кеңес кезеңіне дейінгі аралықтың тарихын осы керемет өнер туындылары арқылы көзбен шолып шыға алады.