«Мұқағали оқулары» байқауы өтті

Primary tabs

Ақп 04, 2021 / 0 комментарии

Биыл ақиық ақын – Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл. Осыған орай,  осы аптаның сәрсенбісінде Іргелі Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен оқушылар арасында «Мұқағали оқулары» байқауы өтті. 

 

Ақынның жауһар жырларымен көрермендерді сусындатқан жыр мерекесіне Іргелі ауылдық округінде орналасқан мектептерден 20-ға жуық оқушы қатысты. Шетінен сен тұр, мен атайын деп бәрі шашасына шаң жұқтырмай жүрген жүйріктер. Олардың өнерлері  бүгінгі жыр додасында сыналды. Ақын жүрек тебіренісін, поэзияға деген махаббатын қым-қуыт тіршіліктің өміріне дүркін-дүркін соққы беруі, жанын ауртып, жүрегіне салмақ салуы тағы бір мәрте сахналанды.

Қарап тұрсаң, әрбір сағат, әрбір минут арпалыстан тұратынын ақынның өз өмірінен көруге болады. Бірі күліп, бірі қабақ шытып қарсы алатын мінезбен мезі еткен мерез қылықты пенде біткенді кешірмеген ақын жүрегі күн санап ауырды. Кертілген көңілді, кері кеткен өмірді жеңу үшін өлеңге кеп жүгінді. Өлеңге келіп жылынды. Қуат алды, қуанды. Дәп басып, дәл тигізіп айтты. Сондықтан да ақын жырлары өміршең, өлмейді. Иә, поэзияның құдіреті деген осыда болар.

 

Кіл мықтыдан кім мықтыны білу үшін  аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Еркін Рахимов, Шамалған Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Қонақбай Жалмаханов, Кемертоған орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Арай Қуандыққызы  қазылық көрсетті.

 

  Қызығы қыза түскен жыр додасының ережелерімен таныс болған үміткерлер ақынның өлеңдерін жатқа айтуға талпынып көрді. Көбіне тұсау болған өзі жаттаған өлеңдерін өздері ұмытып ұпай сандарын төмендетіп алып жатса, қайсы басқалары жыр жолдарынан жаңылды. 

 

    Ілгерілі-кейінді өнер көрсеткен қатысушылардың «Мұқағали оқуларында» өз деңгейлерін барынша байқатты. Шын мәнінде әр жылда өтетін ақын атындағы оқулары жас ақындарға, жыр сүйер өрендерге  жол ашып, әдебиетті, поэзияны құрметтеуге, өнерді дәріптеуге үйрететінін көрсетіп келеді. Бүгінгі дода да дәл сондай мақсатта өзара бесекелестік бәйге арқылы  жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, жеңімпаздар жүлдегерлері анықталды. Сонымен байқау қорытындысына сәйкес үшінші орынды Л.Толстой мектебінен Алуа Смагұлова мен М. Мәметова мектебінен Айназ Байтұрсын иеленді. Ал, екінші орынды Кемертоған мектебінен Адэля Ким мен М. Мәметова мектебінен Таңшолпан  Күнебай қанжығаласа, бірінші орынды Кемертоған мектебінен Диана Ілиясова алды.  Көптен күткен  бас жүлдені өлеңде қарсылас маңайлатпаған  Кемертоған мектебінен Ернар Маханбетәлі жеңіп алды.

 

Келген барлық қатысушыларға әділқазылар алқасы  ынталандыру грамоталары табысталып,  еселі еңбектерін бағалады. «Мұқағали оқулары» әдемі өрнегімен жиналған жұртшылықты сағыныш болып бір сейілтіп, жабырқай көңілдерін жадыратып тастады.