«ADAL KÓMEK»: азаматтарға құқықтық сауаттылығын арттыру
Primary tabs
Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ маңызды мәселелерді шешуде халықтың әлеуметтік осал топтарына құқықтық көмек көрсету мақсатында ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен «ADAL KÓMEK» жобасы жүзеге асырылуда.
Аталған жобаның жүзеге асырылу барысы туралы ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин «ANTIKOR.LIVE» аясындағы тікелей эфир барысында баяндады.
«ADAL KÓMEK» жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері «Антикор орталығының» базасында 6 рет азаматтарды қабылдау жүргізілді, оның барысында 25 азаматқа құқықтық көмек көрсетілді. ШҚО-ның қалалары мен аудандарында 55 қабылдау өткізілді, оның барысында 165 азаматқа кеңес берілді.
Қазіргі уақытта карантиндік шектеулердің жалғасуына байланысты жобаның жұмысы онлайн форматта жүзеге асырылуда.
Жобаны насихаттау (көпшілікке тарату), сондай-ақ ҚР қолданыстағы заңнамасын түсіндіру мақсатында 30-дан астам бейнеролик түсірілді.
«Антикор орталығы» және басқа да мемлекеттік органдар базасында ШҚО заң консультанттары палатасы заңгерлерінің, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор заңгерлерінің, судьялар мен адвокаттардың қатысуымен 82 тікелей эфир ұйымдастырылып өткізілді. Тікелей эфирлер барысында халық арасында жиі қолданылатын, сұрақтар туғызатын ҚР заңнамасының нормалары түсіндірілді. Мысалы, төтенше жағдай кезеңінде: 42500 теңге әлеуметтік төлемді бөеру шарттары туралы, несиелер бойынша мерзімін кейінге қалдыру және салықтың есептер мерзімін ұзарту тәртібі, коммуналдық қызметтерді төлеуге әлеуметтік көмек көрсету тәртібі түсіндірілді. Сондай-ақ, балалар, педагогтар, дәрігерлер мен еңбек етуші азаматтардың құқықтарын түсіндіру бойынша тікелей эфирлер халық арасында үлкен қызығушылық тудырды.
Тікелей эфирлердің қорытындысы бойынша спикерлер әлеуметтік желі пайдаланушыларының сұрақтарына жауап береді. Жобаның қызметі БАҚ-та кеңінен жарияланады» - деп атап өтті Жігер Байділдин.