Аймағамбетов Шарын шатқалында көз жұмған мұғалімнің отбасына барды

Primary tabs

Мау 02, 2021 / 0 комментарии

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Шарын шатқалындағы қайғылы оқиғадан көз жұмған мұғалім Мерей Ибрагимовтың отбасына барды. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметінің жетекшісі Мөлдір Әбдуалиева желідегі парақшасында жазды.

"Ол марқұмның туған-туыстарына көңіл айтып, 26 жастағы педагогтің ата-анасына ержүрек және батыр ер азаматты тәрбиелегені үшін алғыс айтты.

Мерей Ибрагимов 29 мамыр сел тасқыны орын алған күні Шарын шатқалына экскурсияға барғандардың қатарында болды. Жас мұғалім оқушыларды құтқарып қалу үшін өз өмірін қиды.

Ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Қазақстан Президенті марқұм Мерей Ибрагимовты "Ерлігі үшін" медалімен қайтыс болғаннан кейін марапаттады",- деп жазды Әбдуалиева.

Еске сала кетсек, 29 мамырда Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам көз жұмып, тағы 6 адам зардап шегіп, бір оқушы жоғалып кеткен еді. Кейін еліміздің білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын мәлім етті. Сондай-ақ, сел кезінде жоғалып кеткен оқушы қыздың табылғаны хабарланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқушыларды құтқарамын деп мерт болған № 199 мамандандырылған гимназия" КММ мұғалімі Мерей Ибрагимовтың жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Сонымен қатар, президент марқұм Мерей Ибрагимовті "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады. Ал Алматы әкімдігі туризм басқармасының басшысы Сабина Аманкелді осы қайғылы жағдайдың сценариі қайталанбас үшін қандай шаралар қабылданатынын айтып берген еді.