Алакөл демалыс аумағында карантин режимі сақталып жатқан жоқ – журналист

Primary tabs

Тмз 10, 2020 / 0 комментарии

Демалыс орнына жыл басынан бері 623 мыңнан аса турист келген. 

Алматы облысындағы Алакөл демалыс аумағында карантин режимі сақталып жатқан жоқ. Алакөл ауданының басшылығы бұл жағдайдан хабардар болса да, еш шара қолданбай отыр. Аудан әкімдігі тарапынан құрылған арнайы мониторинг тобы демалушыларға жоламайды. Есесіне, көл жағасында ине шаншар жер жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Биыл Алматы облысындағы Алакөл демалыс аумағына ағылған турист көп. Ақши жағажайында демалып жатқан ығы-жығы адамды көріп, коронавирус індеті Қазақстанды айналып өткен шығар деген ойға қаласың. Көл жағасындағы халық карантин талаптарын ескеріп жатқан жоқ. Әлеуметтік арақашықтық, маска тағу, ансисептик қолдану дегенді ұмытқан. Есесіне, жағалау бойын жаппай жабайы бизнес жаулап алған», - дейді Алакөлдегі жағдайды өз көзімен көрген журналист, куәгер Әмірболат Құсайынұлы.

ЖАБАЙЫ САУДА ИЕЛЕРІНІҢ КАРАНТИНДЕГІ КҮНДІК ТАБЫСЫ – 70 МЫҢ ТЕҢГЕ

Қуырылған сазан балығын сататын Айжан Белгібаева биылғы маусымда табысымыз аз дейді.

«Карантинге байланысты табысымыз азайды. Бала-шағамды қосқанда, бір үйден 5 адам шығып, балық сататынбыз. Былтыр күніне 150 мың теңгеге дейін балық сатып пайда табатынбыз, ал биыл күндік табысымыз 70 мың теңге айналасында. Өзім көпбалалы анамын, 7 балам бар», - дейді саудагер.

Ал Раушан есімді тұрғын күніне 20-30 пакет балшық сатады. Балшықтың бір пакеті – 500 теңге. Оның айтуынша, жағажайға келушілер ақ және қара түсті балшыққа алдын ала тапсырыс беріп, қайтар кезде көп мөлшерде алып кетеді.

Өзін 10-сынып оқушысымын деп таныстырған Әлібек жағажайда пицца жеткізумен айналысатын курьер болып жүр. Сабақ басталғанша ата-анасына қолғабыс етіп, ақша жинауда екен.

«Бескөл ауылынан келдім. Кеше жағажайды аралап жүріп 48 пицца саттым, бүгін 30 пицца сатылды», - деді ол тапсырысын жеткізуге асығып.

Көл жағасында қызмет көрсететін жігіттер таң атысымен жағалай шатыр құрып тастайды. Жайланып жатқысы келетін демалушылар амалсыздан шатырды жалға алуға мәжбүр. Күннен қорғайтын шатырлардың кішісі 2000 теңге, үлкені 4000 теңге. Ал, ақша үнемдегісі келгендер шатырсыз жағада демала береді.  

ӘКІМДІК КАРАНТИН РЕЖИМІН ҚАДАҒАЛАМАЙДЫ

Алакөлде жүрген журналист Әмірболат Құсайынұлының айтуынша, жағалауды жалға беруші жігіттерді әкімдік қызметкерлері «көрмегендей» кейіп танытады.

«Күн сайын қыруар қаржы табатын заңсыз жұмыс істеушілер жағалауда бос орын қалдырмай, таң атысымен жүздеген шатырды құрып тастайды. Көлге келушілер олардың шатырын жалға алуға мәжбүр. Біз көл жағасына ерте келіп, шомылып жүргенбіз. Сонда заттарымыз тұрған жерге әлгілер шатыр құра бастағанда, ескертуіме тура келді. Олар «Карантин режимін сақтаңдар» деген соң ғана амалсыз бірнеше метр ары жылжып, шатыр тігуін жалғастырды. Жалпы, көл жағасында ине шаншар жер жоқ.  «Арақашықтық сақтаңдар» деп ескертіп жатқан бір жан жоқ. Оны өзі біліп сақтауға тырысқан жан баласын көрмейсің. Ескерту жасасаң, көл жағасында демалушылар ренішпен қарайды. Демалыс орнында антисептик пен өзге де қауіпсіздік үшін қажетті дүниелер байқалмайды. Соған қарағанда, бұл аймақ бақылаусыз жұмыс істеп жатыр, ал арнайы құрылған мониторинг тобы қағаз жүзінде жұмыс істейтін сияқты. Есік алдына адамдардың дене қызуын өлшейтін құрал да қойылмаған», - деді жағдайды көзбен көрген журналист.

10 ДЕМАЛЫС ОРНЫНА АЙЫППҰЛ САЛЫНҒАН

Azattyq Rýhy тілшісі Алакөлдегі карантин режимінің бұзылып жатқанына қатысты Алматы облысының әкімдігіне хабарласқан еді. Облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Айдар Қарбозұлы журналист сұрағынан қашқақтап, арнайы мониторинг тобының басшысы тілшімізбен өзі хабарласатынын айтып, тұтқаны қоя салды.

Ал Алакөл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, жағажайда сауда жасауға тыйым салынған.

«Қазір коммуналдық қызмет, санитарлық тазалықтың сақталуын қадағалайтын арнайы мониторинг тобы құрылған. Құрамына СЭҚ, полиция қызметкерлері мен кәсіпкерлік бөлімі кіреді. Алакөл жағалауында барлығы 250 демалыс аймағы бар. Бүгінде 10 демалыс орнында санитарлық талаптардың сақталмауына байланысты 30 АЕК  айыппұл салынды. Жағажайдағы жабайы саудаға тыйым салынған. Оны арнайы құрылған мониторинг тобы қадағалайды. Бүгінгі күнге дейін Алакөлге 623 мыңнан аса турист келіп үлгерді. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында жалпы 7 шақырымдық Көктұма ауылы маңындағы көлдің қауіпті аймақ болып саналатын 3 шақырымына түсуге тыйым салынған арнайы шектеу белгілері қойылды. Мұнда демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Алакөл өңірінің құтқару бөлімшесі жұмыс жасайды. Онда барлығы 13 адам қызмет атқарады», - деді Алакөл ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Қалиева Айжан, Нұр-Сұлтан

Фотолардың авторы: Әмірболат Құсайынұлы