Алмалыбақта «Достармед» филиалы ашылды

Primary tabs

Шлд 05, 2019 / 0 комментарии

Жуырда  ауданымыздың денсаулық сақтау мекемелері тағы біреуімен толықты. Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Алмалыбақ ауылында «Достармед» клиникасының филиалы ашылды.

Достар Мед – алғашқы болып  жеке медициналық қызмет көрсете бастаған клиникалар жүйесі.

Білімді де білікті қызметкерлер тоғысқан  денсаулық сақтау мекемесінің басты мақсаты -  заманауи жабдықтарды пайдалана отырып, халықаралық стандарттардың негізінде сапалы  әрі тегін медициналық қызметтер  көрсету болып табылады.

Бүгінгі таңда Достар Мед-дің еліміз бойынша Астана, Атырау, Қызылордада, Алматы,  Қаскелең және басқа да қалаларда  бірқатар филиалдары бар.

 Енді міне  «Алат – С» ЖШС-нің «Достар Мед» емханасы ұмтылдықтарға да есігін айқара ашты. Мекеме Алмалыбақ ауылының кіре берсіндегі Алматы кешенінің 1-ші қабатында орналасқан. Салтанатты ашылу рәсіміне денсаулық сақтау саласының, жергілікті әкімдіктің қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты. 

Құрметті қонақтардың жылы лебіздерінен соң жаңа емхананың лентасы қиылып, қазақы дәстүр  бойынша шашу шашылды. Жиналғандар мекеменің ішін аралап, медициналық қызмет түрлерімен танысты. Көпшіліктің көңілінен шыққан игі бастамаға тұрғындар да риза екендіктірін жеткізді.

Енді Ұмтыл ауылдық аумағына қарасты елді мекен тұрғындары жаңа ашылған емханаға алдымен тіркеліп, кейіннен тегін медициалық көмек ала алады. Ол үшін тіркеу бөліміне келіп, өтініш жазасыз. Жеке басыңызды куәландыратын құжаттарыңызды өзіңізбен апаруды да ұмытпаңыз.

Аталған  емхана ұжымы 7 мың адамға дейін тіркеп,  халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жұмыла атқаруға дайын. Қазірдің өзінде мұнда мыңнан астам адам тіркеуден өткен.

«Достар мед» клиникасы Қаскелең қаласында да бар. Мұнда   науқастарға барынша жағдай жасалып,  жоғары дәрежелі дәрігерлер жұмыс  жасауда.

 

Бүгінгі таңда осы Қаскелең филиалында  11 мыңнан астам адам тіркеліп, медициналық қызметтерге жүгінуде.