Алмалыбақтықтар үшін есте қалған апта

Primary tabs

Мау 03, 2019 / 0 комментарии

Ауданымызға қарасты Ұмтыл ауылдық округіне 4 елді мекен қарайды. Олар  Жалпақсай,  Алмалыбақ, Көлді және Мерей ауылдары. Округте 14 мыңға жуық халық мекен етеді.  Алып мегаполис Алматыға жақын орналасқан әрі қызу тіршілігімен ерекшеленетіні Алмалыбақ ауылы.

Әдетте, тіршілігі мен тыныштығы үйлесіп жатқан елді мекеннің берекесі қаша бастағандай.

Атап айтсақ, жасөспірім қыздарға жасалған қарақшылық  шабуыл, күл-қоқысты заңсыз төгу мен апатты күнқағар ұйып отырған ұмтылдықтарды елең еткізді. Ал енді біртіндеп тарқатайық.

28 мамыр күні Қарасай аудандық полиция басқармасына Алмалыбақ аулының тұрғыны хабарласып, белгісіз ер адам оның 13 жасар қызына қарақшылық шабуыл жасағаны туралы арызданған.  Оқиға қыз құрбысы екеуі жергілікті саябақта қыдырып жүргенде орын алған.

Ер адам қыздарға пышақ кезеп, қорқытқан. Сөйтіп, олардың ұялы телефондарын тартып алған.

Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Көбейхан Нұрахметтің айтуынша «Дабыл бойынша барлық патруль экипаждарын тік тұрғызып, жергілікті аймақты тінту жұмыстары жүргізілген. Күдіктіні іздеуге қосымша жедел қызмет желісі де жұмылдырылған. Нәтижесінде, жергілікті  полиция қызметкерлері шабуыл жасаған ер азаматтың кім екенін  анықтап, бірнеше сағатта тұтқындаған. Күдікті 30 жасар Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Ол бұрын да осы іспетті әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Күдікті қолды қылған ұялы телефондар мен сол мезетте пайдаланған пышақ тәркіленіп, заттай айғақ ретінде қылмыстық тергеу ісіне тіркелді. 

Ал қарақшының өзі уақытша қамау изоляторына орналастырылып, сот алды тергеу басталды.  Сонымен қатар, полиция қызметкерлері оның аймақта орын алған басқа да қылмыстық істерге қатыстылығын тексеріп жатыр.

 Қоршаған ортаны қорғау – әрбір адамның азаматтық борышы. Айналаны ластамай, мәдениеттілік танытып, тазалық пен тәртіп орнату өзімізге байланысты екені рас. Алайда, қоғаммен санаспай, айналаға зиян келтіріп, қолындағы қоқысын отырған жеріне тастап кететіндер де бар. Сондай жағдайлардың бірі Алмалыбақ ауылында да орын алды. Белгісіз азаматтар ауыл шетіндегі алқапқа жүк көлігінен тұрмыстық қалдықтарды төгіп жатқандығын ауыл тұрғындарының бірі видеоға түсіріп алған. Бұл бейнежазба лезде әлеуметтік желілерде тарап кетті  кетті.

Артынша құзырлы органдар аталған азаматтарды анықтап, тиісті жауапкершілікке тартты. Белгілі болғандай, үйіндегі қоқысты далаға әкеп төккен сол Алмалыбақ ауылының тұрғыны болып шықты.

Ал Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасы осы жағдайды видеоға түсіріп алған азаматқа іздеу салып жатыр. Аталған мекеменің оған дайындаған   сыйақысы бар екен.

Алмалыбақтықтарды алаңдатқан тағы бір проблема – Прянишников көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің ауласындағы балалар алаңына жақын орналасқан кіре берістегі күнқағардың бірнеше жылдан бері апатты жағдайда болуы. Балаларымызды басып қалуы мүмкін деп алаңдаған ата-аналар Каскеленкз-тен көмек сұрады. Біз Ұмтыл ауылдық округі әкімдігіне хабарласып, халықтың  сұранысын жеткіздік.  Абырой болғанда, оқыс оқиға орын алмай тұрғанда жергілікті билік жедел қимылдап, апатты жағдайдағы күнқағарды кесіп тастады. Ал тұрғындар болса, тез әрекет еткен әкімдіктегілерге алғыстарын жеткізді.

 Автор: Нұргүл Әлменбетова