Алматыдан Талдықорғанға жолға шыққан көлік апатқа ұшырап, 6 мыңнан аса вакцина бүлінген
Primary tabs
Денсаулық сақтау министрлігі Алматыдан Талдықорғанға тасымалдау кезінде "Спутник V" вакцинасының бірнеше мыңы бүлінгені туралы ақпаратты растады. Вакцина тиелген көлік апатқа ұшыраған.
Ведомствоның мәліметінше, 1 маусымда Алматыдағы Бірыңғай дистрибьютор хабынан Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының Талдықорған қаласындағы қоймасына "Спутник V" вакцинасын алып бара жатқан көлік апатқа ұшыраған. Жол-көлік оқиғасы кезінде вакцинаның бірнеше мыңы бүлінген.
"Келтірілген шығынның мөлшері 6875 дозаны құрады. Сақтау және тасымалдау қызметінің мердігері бүлінген тауарларды ауыстыру арқылы шығынды толығымен өтеп берді", — дейді денсаулық сақтау министрлігі.
Алматы облысының полиция департаменті де жол-көлік апатыны қатысты пікір білдірді. Құзырлы органның мәліметінше, жол апаты 31 мамырдан 1 маусымға қараған түні болған.
"Мерседес Спринтер" автокөлігінің 20 жастағы жүргізушісі Алматы-Өскемен тас жолының бойымен солтүстік бағытта келе жатып, жолдың 232 шақырымында рөлге ие бола алмай, түзу бағытта қозғалып келе жатқан КамАЗ 5220 жүк көлігінің тіркемесімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі көліктің де жүргізушілері жарақат алды. Әртүрлі жарақат алған жеңіл көлік жүргізушісі ауруханаға жатқызылды. Қазір бұл факті бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тиісті шаралар кешені жүргізілуде", – дейді облыстық полиция департаментінен.