Алматыда астана күніне орай жаңа өнеркәсіп орындары ашылды
Primary tabs
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен елорда күніне орай Алматы қаласының индустриалды аймағында жаңа үш өнеркәсіп орны ашылды, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
«Рахат СК» мен «Г.С.Г. Высотник» ЖШС автоклавты газбетон өндіру зауыттары әлеуметтік және коммерциялық тұрғын үйдің ірі құрылыс компанияларын сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етеді.
Өнімдерді шығаруда мемлекеттік стандарттарға сәйкес жергілікті шикізат қолданылады. Зауыт өндірісінің 1 кезеңінің құрылысына 1,5 млрд теңге инвестиция салынды. Кәсіпорын жылына 180 мың текше метр өнім шығаруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, 40 жаңа жұмыс орны ашылады. Екінші серіктестіктің инвестиция сомасы 1,7 млрд теңгеден асты. Өндіріс қуаты жылына 100-120 мың текше метрден астам өнім шығарады және 85 жаңа жұмыс орны ашылады. Елорда күніне орай «ADS industries» ЖШС өндіріс паркінің бірінші кезеңі іске қосылды. «ADS industries» ЖШС Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасымен «Almaty Business-2025» өңірлік бағдарламасына қатысушысы. Компания өндірістік парктің құрылысына шамамен 150 млн теңге инвестиция құйды.
Бірінші кезеңде 1, 5 мың шаршы метр енгізілді, онда жеңіл, металл өңдеу және жиһаз өнеркәсібін өндіруші шағын және орта кәсіпкерліктің алты субъектісі ашылады. Өндірістік парктің жалпы алаңы - 4,5 мың шаршы метр, онда 160 жаңа жұмыс орны ашылады.
Еске салсақ, осы жылдың бірінші тоқсанында индустриалды аймақта қуаты жылына 25 000 тоннадан астам өнім шығаратын әрі 80 адамды жұмыспен қамтыған мыс және алюминий сымын шығаратын зауыт ашылған болатын. Жоба құны – 11,3 млрд теңге. Биыл аймақта 7 өнеркәсіп орнын ашу көзделген. Оның жалпы сомасы 37,8 млрд теңге және 658 адамды жұмыспен қамтиды. Бүгінде 16 жоба іске асуда. Жалпы сомасы - 78,2 млрд теңге. 2,5 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыған.