Алматыда жолаушылар автобусы мен жүк көлігі соқтығысып қалды
Primary tabs
Алматыда Mercedes 1324 жүк көлігі мен №46-автобус соқтығысып қалды деп хабарлайды zakon.kz.
Жол-көлік оқиғасы Серіков пен Қазыбаев көшелерінің қиылысында болған. Жүк көлігінің жүргізушісі Қазыбаев көшесімен оңтүстік бағытқа қарай келе жатқан. Қиылыста ол солға бұрылмақ болған. Сол уақытта Серіков көшесінің бойымен батыс бағытқа қарай жолаушылар автобусы кетіп бара жатқан.
Mercedes жүргізушісінің сөзінше, автобустың оң жақтағы бұрылыс көрсеткіші қосылып тұрған. Ол автобус Қазыбаев көшесіне бұрылады деп ойлап, маневр жасай бастаған.
Алайда, автобус қозғалысын жалғастыра беріпті. Ал жүк көлігінің жүргізушісі тоқтап үлгермей, қоғамдық көлікке соқтығысқан. Жол апаты салдарынан автобустың бес жолаушысы зардап шеккен. Жүргізуші мен үш жолаушы ауруханаға жеткізілген. Бесінші зардап шегуші дәрігерлер оқиға орнында қарап, үйіне қайтарған.
Жол апатының мән-жайын полиция қызметкерлері анықтауда. Айта кетейік, Қазақстанда көлік жүргізушілеріне автобусқа арналған жолақпен жүруге рұқсат берілуі ықтимал. Бұл жаңалықты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі хабарлады.
"Қала ішінде автомобиль ағынын сауатты ұйымдастыру маңызды мәселенің бірі саналады. Осыған байланысты үкімет пен әкімдерге автобустарға арналған жолақтарды қарбалас болмаған кезде және демалыс күндері пайдалану мәселесін шешуді тапсырамын. Мұндай тәжірибе Мәскеу, Стамбул мен Парижде кеңінен қолданылады", - дейді президент.