Алматыда орыс сыныбындағы оқушы саны қазақ сыныбына баратын оқушылардан асып түсті
Primary tabs
Еліміздің ең ірі үш қаласында мектеп оқушыларының қай тілде білім алып жатқаны туралы белгілі болды. Статистикалық деректерді Мақсат Имандосов Статистика агенттігінің ресми сайтындағы сандарға сүйеніп жария етті
Ақтөбе тұрғыны Мақсат Имандосов желідегі парақшасына түрлі статистикалық деректерді жүктеп отырады. Осы жолы ол биылғы оқу жылында үш мегаполистегі мектептердің оқыту тілін зерттеп көрген.
2020-2021 оқу жылында елордада қазақ сыныптарында - 108 мың, орыс сыныптарында - 85 мың бала оқыған. Ал Шымкентте қазақ сыныптарында - 152 мың, орыс сыныптарында - 54 мың, өзбек сыныптарында - 20 мың бала білім алыпты.
Алматыда қазақ сыныптарында - 140 мың, орыс сыныптарында - 153 мың бала оқыды. Сонымен бірге Мақсат Имандосов Алматы қаласындағы мектеп жасындағы балалардың этникалық құрамын жариялады.
"Қазақ - 195 мың, орыс - 53 мың, ұйғыр - 19 мың, кәріс - 5,5 мың, татар - 3,3 мың, әзербайжан- 3,2 мың оқушы", - деп жазды ол. Желі қолданушыларын Шымкент қаласында бір де бір таза орыс мектебінің болмауы мен қатар бірнеше таза өзбек мектебінің бар екені таңғалдырған. "Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын барлық мектептер қазақ тілінде оқыту керек, ал орыс тілі, өзбек тілінде оқыту екіжақты келісім бойынша жүзеге асу керек. Демек олар қазақ тілінде оқытатын мектеп ашуы тиіс", - деген пікірде Бақыт Жайсаңбаев есімді желі қолданушысы.
Желі қолданушылары бірінші сыныпқа барған оқушылар арасында қазақ тілінде оқуды таңдағандар саны азайып бара жатқанын жеткізді. "2017 жылы олар 89 пайыз болса, кейін көрсеткіш төмендей бастаған. Алайда алғашқы бес сыныпта оқушылардың пайыздық мөлшері 85-ті көрсетеді. Жаман емес, бірақ солтүстікте әлі де мәселе көп", - дейді Абай Иса есімді желі қолданушысы.