Алматыда “Adaldyq alańy” жобасы іске қосылды

Primary tabs

Нау 16, 2021 / 0 комментарии

Алматы қалалық Полиция департаментінде және оның барлық бөлімшелерінде “Adaldyq alańy” фронт-офисі ашылды.

Кеңсені ПД басшысы Қанат Таймерденов пен Алматы қаласындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Нығмеджан Сапаров ашты.

– Мақсат – сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету және халықтың ішкі істер органдарына деген сенімін арттыру. Жобаны жүзеге асыруға қызметтердің және бөлімшелердің тәжірибелі қызметкерлері, сондай-ақ жұртшылық қатысады. Жобалық кеңсенің басты міндеті – сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін ұсыныстарды жинау, қалыптастыру, себептер мен жағдайларды жою бойынша жаңа тәсілдер мен шешімдерді әзірлеу. Олар қоғамдық талқылауға шығарылып, ұжымдық түрде қаралатын болады, – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.

Оның айтуынша, Алматыдағы “Adaldyq alańy” кеңсесін белгілі журналист Василий Шупейкин басқарады.

Жоба тікелей азаматтар үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған және барлық санитарлық – эпидемиологиялық стандарттар сақталған ПД-нің фронт-офисінен басталады. Мұнда білікті мамандар тұрғындарға құқықтық кеңес береді. Онда азаматтардың мүдделері бірінші кезекте болады, сонымен қатар ашықтық пен айқындылық қамтамасыз етіледі, қоғамның сенімі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қағидаттары іске асырылады.

Құқық қорғау органдарының жаңа жұмыс форматына көшуі халықпен ашық диалогты қамтамасыз етеді , бұл азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл технологияны қолдану заманауи сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың барлық талаптарына сай келеді.

– Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындығы біздің жұмысымыздың басты басымдықтары болып табылады. Біз барлық мемлекеттік органдарда “Адалдық алаңының” фронт-офистерін ашуды жалғастырудамыз. Мемлекеттік органдардың мұндай өзгерісі күнделікті сыбайлас жемқорлықты азайтуға және азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруге мүмкіндік береді, – деді Нығмеджан Сапаров.