Алматылықтар жарықтың сөнгенін айтып, шағымданды
Primary tabs
Алматылықтар жарықтың өшкеніне наразылықтарын білдірді. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, электр жарығы Алмалы ауданында өшкен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Шевченко-Байтұрсынов көшелерінің контурында бір сағаттай жарық болмаған. Одан бөлек, тұрғындар Гоголь-Наурызбай батыр көшелерінде, сондай-ақ Әйтеке би көшесінде жарық сөненін айтуда.
Сонымен бірге Әуезов пен Бұқар Жырау көшелерінде де жарық өшкені хабарланды. Алайда "Алатау жарық компаниясы" АҚ мұнда сағат 17:00-ге дейін созылатын жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтқан. Осыған байланысты KAZ.NUR.KZ тілшісі "Алатау жарық компаниясы" акционерлік қоғамына ресми пікір алу үшін жүгінді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы маңында Қарасай ауданы Жармұхамбет ауылының тұрғындары су мен жарықтың жоқтығына байланысты облыстық тас жолды жауып тастағанын жазған едік.
Қарасай ауданының әкімдігі ауылдағы электр жарығы мен судың үзілгенін растады.
"Бүгін шынымен де Жармұхамбет ауылының 10-15 тұрғыны Боралдай-Жібек жолы жолын жауып тастады. Көлік қозғалысы 10-15 минутқа тоқтатылды. Осылайша, тұрғындар электр қуатының жиі сөнуіне және кернеудің жетіспеуіне, соның салдарынан сумен жабдықтауға арналған сорғылардың өшіп қалатынына наразылығын білдірді. Сағат 14.30-да аудандық әкімдікке 10 тұрғын келді, оларды әкімнің орынбасары Айдын Әуесбай қабылдады. Адамдар талаптарын айтты. Сол бойынша тиісті шаралар қабылданады", - дейді Қарасай ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақдәулет Тәліпов.