Алматы полицейлері жаяу нарядтарды электросамокаттармен жабдықтау мәселесін қарастыруда
Primary tabs
Алматы қаласының ПД мәліметтері бойынша, патрульдер қаланың орталық көшелерінде ғана емес, сонымен қатар, тұрғын үйлердің аулаларындағы жедел жағдайды бақылайды.
– Жаяу патрульдер санының көбеюі қаланың барлық аудандарында қылмыстың төмендеуіне әсер етті. Бір ғана мысал, Жұлдыз-1, 2 шағын ауданында. Лаврентьев – Наманган – Ахметова – Закарпатья көшелеріндегі Түрксіб ауданындағы №94 патрульдік аймақта 2019 жылы 93 қылмыс тіркелді. 2020 жылы мұнда қоғамдық тәртіпті қорғауға қосымша бір автокөлік және үш жаяу патруль бөлінген, сонымен қатар, модульдік пост бар. Автокөлік патрулінің бұл аймақты айналып өту уақыты 50 минуттан 30 минутқа дейін қысқарды. Нәтижесінде, модульдік пост пен патрульдің жұмысының арқасында бұл аймақтағы құқық бұзушылықтардың саны 31%-ға төмендеді, ал қылмыстардың ашылуы 54%-ға дейін жақсарды, оның ішінде “ізін суытпай” ашылған қылмыстар артты. Қабылданған шаралар өздерінің тиімділігін көрсетті. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.
Ол қала әкімінің қолдауымен патрульдік қызметтерді жабдықтау мақсатында жедел жағдайды онлайн режимде қашықтықтан бақылауға және аудио, бейне түсіруге мүмкіндік беретін соңғы үлгідегі жаңа бейнетіркегіштер сатып алынғанын айтты.
– Жазда біз саябақтардағы, скверлердегі және жаяу жүргіншілер аймақтарындағы жаяу патрульдер санын көбейтуді болжап отырмыз, соған байланысты тағы 50 нарядты жаяу патрульге ауыстыру жоспарланып отыр. Біз, сондай-ақ, осы патрульдерді электросамокаттармен жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Бұл орайда орталық көшелердің кептелісі жағдайында қылмыс немесе жол-көлік оқиғасы болған жерге уақтылы жету туралы сұрақ туындайды. Бұл мәселені шешу үшін біз патрульдік полицияны мотоқұралдармен жабдықтауды ұсынамыз, – деді Қанат Таймерденов.