Алыстан не алыс?

Primary tabs

Жел 01, 2018 / 0 комментарии

    Әне барам, міне барам деумен кейінге қалдыра берер сапар көп. Уақыт тапшылығы, оқу, жұмыс бізді бір орында қалуға міндетті қып қойғандай. Қанша күн, мейлі аз, мейлі көп қиып, өзімізге не жақындарымызға арнағанды жөн деп табамыз, алайда оны жүзеге асыра бермейміз.
    Соңғы жылы өзге жаққа сапар шегуіме себепкер болып жүрген - дебат. Мақсат - қыдыру емес, жаңа дүниеге қол жеткізу, сабақ алу. Осындай бір себеппен жазда Астанаға жолым түсті. Назарбаев Университетінде NUDA (Nazarbaev University Debate Academy) өтілетіндігі хабарланып, бір аптаға оқуға бармаққа бел будым. Сапарыма серігім болсын деген мақсатпен ұялы телефоным мен аз-мұз жеміс-жидек сатып алдым. Жол ортадан теріс айналған бұл екеуі арықарай өзің бірдеңесін қыларсың дегендей қылды. Қазақтың құлашын кеңге жайған даласында желінің бәсеңдеуі есімнен шығып кетіпті. Жол бойы кино көріп барамын деген үмітім сонда сейілді.
    Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Терезе жақтауына орналасқан едім. Далаға қараумен жатырмын. Қызық, айдалаға көз жүгіртіп осынша кең болармысың деп ойладым. Әрине, бұл - Қазақстанның бір шеті ғана. Ұшы қиыры қайда жатыр дейсіз.. Қазақтың кең даласын - қазақтың кеңшілдігіне теңедім. Кез-келгенді құшақ жая қарсы алатын, өзіне бауыр қылып алатын қазақтай кең маңдайлы халық жоқ та шығар. Айдала секілді өзінде ештеңе болмаса да, қарабасына жетпей тұрса да, өзгеге беретін қолының ашықтығын байқадым. Аздап-аздап қана өскен, желдің екпініне майыса, бұрала теңселіп тұрған талдарға қарап қазағымның момындығын көргендей болдым. Мал иесіне тартады деуші еді ғой? Сол секілді өз жеріміз бейне бір өзіміздің бар болмысымызды, мінезімізді ашып тұрғандай.
     Көрші тәтемен әңгіме-дүкен құрып, ой толғанып, әне-міне дегенше Астанаға да жеттік. Менің көзіме Астана бейне бір қала емес, шағын қалашық іспетті көрінді. Бәлки қолжетімді баспана ма дерсіз. Оңға қарасаң Бәйтерек, солға қарасаң «Ханшатыр», алға қарасаң «Керуен», артқа қарасаң «НұрАстана» мешіті және т.б. барлығы дерлік бір жерде шоғырлануы менде осындай әсер қалдырды. Жақсы, ғимараттарын суреттеуім артық болар, себебі ол туралы екінің бірі жазып та, айтып та қалдырып жатыр.
      Мәдениетке тоқталайықшы. Халқының мәдениетін айтамын. Бәлкім барлық барамын-ау деген жерлер жан-жағыңда болғасын , бәлкім қаланың шағын болғандығынан ба байқағаным халқының асықпайтындығы. Алматыдағыдай базар болып, уақытын жеткізе алмай, асығып жүрген біреу жоқ. Бәрі баяу, асықпай ғана қозғалады. Көпке топырақ шашпаймын, адамдардан жөн сұрасаң қысқа ғана қайырады екен. Бізде қалай? Бізде өзінің барғалы тұрған жерін тастап, сені таппай тұрған жеріңе жеткізіп тастайды емес пе? Астана тұрғындары қысқа да нұсқаға көшеді екен.
    Үлкен мүмкіндік сыйлап тұрғандай, әсіресе жастар қауымына. Кел, жұмыс керек пе, кел оқу керек пе, біздегі мүмкіндікті жіберіп алма дегендей... Шағын ғана мейрамда қала жұрты жиналып, асыр салып тойлатуды жандары сүйсе керек. Мейлі, шағын той, мейлі үлкен той барлығын дерлік дүркіреткенді ұнататын көрінеді. Заманауи жетілген дүние көп, салыстырмалы түрде.
     Назарбаев Университетін Қазақстанға теңедім. Қазақтар бар, бірақ бары білінбейді. Өз тілі мүлдем жоқ, түрі сәл-пәл қазаққа келетіні болмаса... Осындай деңгейдегі жоғарғы оқу орнында ана тіліміздің ешқандай рөлі болмағандығы бір жағынан қынжылтты, кім білсін, өздерінше дамудың бір сатысы болар...
     Бәрін айт та, бірін айт. Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра демейді ме? Сол көпті көргеннің бірі болуға жазсын. Өзге жердің мәдениетін, салтын көріп саралау, керегін алу керек дүние екендігіне көзім жетті. Уақыттың маңыздылығы басым болып тұрған бүгінде уақыт пен қаражатты арнайы қиып, жолсапарға бөлсек әсте артық болмас.

Жадыра Жанарбек,

СДУ-нің 2 курс студенті.