Ақтөбеде қаралы жексенбіде болған теракт оқиғасына 5 жыл
Primary tabs
Ақтөбедегі теракт оқиғасына бүгін бес жыл. 2016 жылдың 5 маусымында радикал дін ағымындағы 40-тан аса ер адам теракт жасады. Сол жылы Рамазан айында болған қалың жұрттың қабырғасын қайыстырған оқиғаның ізі әлі де бар. Өңірдегі діни ахуал қалай? KAZ.NUR.KZ cұрағына Ақтөбе облыстық дін істер басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев жауап берді.
"Бүгінгі діни жағдайды қалыпты деп бағалаймыз. Бес жыл ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірнеше бағдарлама дайындалды. Облыстағы Темір, Қандыағаш, Шалқар, Алға, Хромтау аудандарында "Аңсар" орталықтары құрылды. Осы орталықтарға теологтар шақырылды.
Бес жыл ішінде өңірдегі 68 мешітте істейтін 111 қызметкердің біліктілігін арттырдық. Абақтыда отырғандармен жұмыс жасалды. Олардың бәрі де өкінетіндерін айтты. Шетелдік уағызшыларды тыңдағандықтан өмір бойына жақындарын көре алмайтынына жылап, өкініш білдірді.
Десек те өңірде түсіндіру, оңалту жұмыстары тоқтаған жоқ. Діни білімді елімізде алуға болатыны дәлелденді. Нәтижесінде қазіргі кезде діни білімді шетелден алатындардың саны азайды",- дейді Ақтөбе облыстық дін істер басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев.
Әлем мұсылмандарының назарын аударған бес жыл бұрынғы қаралы жексенбідегі оқиғаның мән-жайын еске түсіріп көрелік. 2016 жылдың 5 маусым күні сағат 14:28- де бір топ радикал дін ұстаушылар Ақтөбенің ескі қалашығында орналасқан "Паллада" қару-жарақ дүкеніне басып кірді. Сол сәтте дабылды басып үлгерген сатушыны террористер пышақтап өлтірді. Оқиға орнына бірінші жеткен "Жедел күзет" қызметінің бір қызметкері оқиға орнында қаза болып, екіншісі жарақат алды.
Сонымен қатар, оқиға орнына жеткен үш полиция қызметкері де жарақаттаyды. Қаскөйлер қару дүкенінен 14 аңға шығатын тегіс ұңғылы қару, үш шолақ мылтық, 32 пышақ және 1500 дәрі алып шықты.
Қылмыс хроникасында теракт жасаушылардың әрі қарай екіге бөлінгені айтылады. Алты адамнан құралған бір тобы полицейлердің қызметтік көлігін мініп, 5 мөлтек ауданындағы "Пантера" қару дүкеніне шабуылдады. Радикалдар бұл жерде дүкенге кездейсоқ кірген екі адамның бірін өлтіріп, екіншісін жарақаттады.
"Пантера" дүкенінің алдында полиция қызметкерлері оларға оқ жаудырды. Сол жерде теракт жасаушылардың үшеуінің көзі жойылды. Оқиға орнынан қашып үлгерген үшеуі қала шетінде болған атыста өлтірілді.
Ал қала ішіндегі қоғамдық көлікті басып алған 17 адамнан құралған екінші топ Ұлттық ұланның 66/55 әскери бөлімінің қақпасына автобуспен соғып кіріп, әскери қызметкерлерге оқ жаудырды. Әскерилер қару қоймасын басып алуға жол берген жоқ. Атыс кезінде қылмыскерлердің бірінің көзі жойылып, тағы бірі жарақат алды. Ал Ұлттық ұланның үш әскери қызметкері атыс кезінде қаза болып, алтауы түрлі жарақат алды.
Түнгі операция кезінде қаскөйлердің тағы бесеуінің көзі жойылып, екеуі қолға түсті. Сол күні-ақ шабуылды ұйымдаcтырған қаскүйлердің аты-жөні анықталды. Қалада қоғамдық көлік қызметі тоқтатылып, интернет өшірілді.
Қатыгездіктің көрінісі болған теракт оқиғасынан "Жедел күзет" фирмасының бір күзетшісі, "Паллада" дүкенінің 1 сатушысы, "Пантера" дүкеніне келген тұрғын, "Паллада" дүкеніне келуші тұрғын, 20-дан аса содыр және 3 әскери қызметкер көз жұмды.