Биыл апатты үйде тұратын 813 атыраулық отбасы пәтерлі болды
Primary tabs
«Атырау қаласында тозығы жеткен үйлерді мекендеуге мәжбүр болған тұрғындардың 40 пайызы жаңа баспанаға көшті», - деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Бүгінде облыс көлемінде апатты 82 көппәтерлі үй бар. Оның ішінде 51-і апатты, 26-сы тозығы жеткен тұрғын үй. Ал бесеуі санитария нормаларына жатпайтын жатақхана. Апатты баспаналардың дені 1960 жылдары салынған.
Осында тұратын тұрғындарды жаңа баспанаға қоныстандыру ондаған жылдан бері қозғалып келе жатқан мәселе. Бұл бағытта өткен жылы 4 көппәтерлі тұрғын үй көшірілген болса, биыл 9 үй қоныс аударды.
Алдағы уақытта Атырау қаласында тағы 1500 жаңа пәтер тапсыру арқылы бұл мәселені түбегейлі шешу жоспарланған.
Еске сала кетелік, жыл соңына дейін Атырау қаласындағы Молдағалиев көшесі 30, 33 А және Төлебаев көшесі 44 мекен-жайындағы жатақхана тұрғындары баспанамен қамтылады.