"Бос сөзді қою керек": Мәжіліс депутаты қымбатшылықтың негізгі себебін атады
Primary tabs
Депутат Аманжан Жамалов мәжілістің жалпы отырысында азық-түлік саласындағы қымбатшылықтың негізгі себебін атады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ұлттық банк пен үкімет инфляцияның деңгейі небәрі 7,2 пайызды құрап отыр деп баяндайды. Алайда дүкендерде мүлдем басқаша жағдай болып тұр. Азық-түліктің кейбір түрлері екі есеге қымбаттап кеткен", - деді халық қалаулысы. Аманжан Жамаловтың сөзінше, инфляциямен күресу үшін алдымен монополия мен картельдерді жою керек. Онсыз қымбатшылықты тоқтату мүмкін емес.
"Жақында Ресейдің премьер-министрі кейбір өнім өндірушілер мен сауда желілерінің ашкөздігі қымбатшылықтың негізгі себебі деп айтты. Қазақстанда тура сондай жағдай болып тұр", - деді мәжіліс депутаты. Ол бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жұмысын да сынға алды. Ал министрлер жағдайды түсіндірумен ғана шектеледі. Халық нақты шараларды көріп отырған жоқ, деді халық қалаулысы.
"Жақында ғана бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаны негізсіз көтеруге қарсы жаңа тәжірибе жайында баяндаған болатын. Оны "жұмсақ құқық" практикасы деп атайды екен.
Алайда, шын мәнінде, кезекті бос сөзге көбірек ұқсайды", - дейді Аманжан Жамалов. Осы орайда мәжіліс депутаты ресми статистиканы да ұсынды. Соңғы төрт ай ішінде монополияға қарсы орган жұмыртқа, күнбағыс майы, қант, қарақұмық, сүт өнімдері, макарон сияқты тауар өндіретін және жеткізетін компанияларға 48 рет ескерту жасаған. Себебі бағаны өзара келісіп көтерудің белгілері болған.
Алайда соңғы 12 айдың ішінде жұмыртқа 33,7 процентке, күнбағыс майы – 48 процентке, қант - 26,3 процентке, ал қарақұмық 29,4 процентке қымбаттап кеткен.
"Агенттік дәл осы тауарлар бойынша ескерту жасаған. Сонда нәтижесі қайда? Бізге ондай "жұмсақ құқықтың" қажеті қанша? Меніңше, қымбатшылық кезінде көзбояушылықпен емес, тиімді жұмыспен айналысу керек", - дейді Аманжан Жамалов..
Сөз соңында халық қалаулысы үкіметке депутаттық сауал жолдап, азық-түлік бағасын ұстап тұруды тиімді тетіктерін енгізуді талап етті.