"Бүйте берсе, аш қаламыз": Ашынған атыраулық аналар әкімдік алдына жиналды

Primary tabs

Мау 17, 2021 / 0 комментарии

Атырауда азық-түлік бағасының қымбаттауына қарсы шыққан бір топ ана әкімдік алдында шу шығарды. Олар атқамінерлерден күнделікті тамақ пен киім-кешек бағасын ауыздықтауды талап етуде деп хабарлайды КТК арнасы. 

"Бүйте берсе, аш қаламыз" деп ашынған аналар ғимаратқа баса-көктеп кірді. Алайда көпбалалы аналардың мұңын тыңдаған шенеуніктер мандытып жауап бере алмаған.

Айлығы азығынан артылмайтын атыраулық әйелдер арзанның ауылынан алыстадық дейді. Қымбатшылықтың қырынан асып, тиынды-тиынға соғып кеткен. Айтуларынша, "қит етсе, карантинді сылтау қылатын" әкімдіктен де әбден мезі болыпты.

Кенжегүл Құспанованың айтуынша, көпбалалы аналар қандай да бір жолмен аман қалу үшін тамақ пен заттарды өзара бөлісуге мәжбүр.

"Карантиннен көрдік қой. Екі ай жабылғанда өздерінің қолында болды. Жақсы дедік, ол кезде үндеген жоқпыз. Бәріміз үйде отырдық. Барымызды жеп, бөлісіп. Халық бөліп берді. Дәрі де тапшы болды. Дәріні неге қоймада тықты? Айналып келгенде олар қоймадан шықты. Ал енді тамақты да қоймада тығып отырған шығар?! Соны білейік деп келдік", – деп ашынды көпбалалы ана. 

Әкімдік алдына жиі жиналатын аналар мұндай өтінішпен биліктегілерге бас сұғамыз деп ойламадық дейді. Базарға барған сайын қалтасы қағылып, теңгесі тиынға айналған соң амалсыз келген.

"Халық санын өсіру керек, бала туу керек дейді. Баланы қалай туады, қалай өсіреді? Тапқан табысы іш киіміне де жетпейді! Балалардың киім-кешегіне жетпейді. Жалаң аяқ, жалаң бұт жүрген бір бала, қарап отырсаң", – деп қостады тағы бір көпбалалы ана Жұмагүл Мұса. Жиналғандардың базынасын тыңдаған басшылық былтыр бағаны қалай реттегенін айтып ақталды. Тіпті облыс әкімінің орынбасары мұнайлы астанадағы қымбатшылық ырыққа көнбесе, баға саясатын жоғарыдағылар реттейді деп ысыра салды. 

"Біз оны облыс әкіміне жеткіземіз. Облыстан шешілетін, біздің құзіретімізге жататын болса. Облыстан шешуге тырысамыз. Және бірқатарын шешеміз деп ойлаймыз. Ал егер облыс төңірегінде, облыс әкімдігінен тыс құзіреттілік болса, біз оны жоғарыға жеткіземіз", – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев. 

Қымбатшылықтың қысып тұрғанын парламент депуттары да мәселе ретінде көтерді. Атқарушы биліктің қымбатшылыққа қарсы күресін депутаттар сандыраққа теңейді. Мәжілісмендердің сөзінше, инфляциямен күресу үшін алдымен монополия, картельдермен күресу керек. Өйткені монополияға қарсы агенттік халық көп тұтынатын өнімнің бағасын бірыңғай ету үшін өндірушілер мен делдарларға ерік берген көрінеді.

"Соңғы 12 айда жұмыртқа 33,7%, күнбағыс майы 48%, қант 26,3%, қарақұмық жармасы 29,4% қымбаттаған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қайда қарап отыр? Министрлер де жағдайды түсіндіруден аса алмайды. Ешқандай өзгеріс көріп тұрған жоқпын. Таяуда агенттік бағаның негізсіз өсуіне жол бермес үшін жаңа тәжірибе енгізіліп жатқанын айтып берді. Шындығында бұл жаңа модадағы кезекті сандыраққас қатты ұқсайды", – деді мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов. 

Қазір үкімет көгөніс пен ет бағасын ауыздықтай алмай отыр. Қазаққа керек қойдың бәсі 100 мыңнан асып жығылса, картоптың бір келісі 400 теңгеден түспей тұр. Баға бұлай құбыла берсе, халық қара су мен қара нанды талғажау етеміз бе деп қорқады.