Бұрын допингпен ұсталған Зүлфия Чиншанло Қазақстанға кезекті қоланы сыйлады
Primary tabs
Токиода өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық Зүлфия Чиншанло қола медаль жеңіп алды деп хабарлайды Kaskelen.kz.
Ол 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, үздік үштікке енді. Чиншанло қоссайыс қорытындысы бойынша 213 келіні бағындырды. Төрешілер оның үш мүмкіндігін есепке алмады, ал соңғы мүмкіндігіне шығудан ол бас тартты. Себебі, қарсыластарын қуып жету мүмкін емес еді.
Бұл салмақта алтын медальді Филиппин, күмісті Қытай спортшысы иеленді.
Айта кетелік, Зүлфия Чиншанло Қазақстан командасында Қытайдан келген легионер спортшы. Ол 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында чемпион атанған болатын. Алайда, кейін оның допинг сынамасынан тыйым салынған заттар табылып, спортшы атағынан айырылды. Зүлфия төрт жыл бойы ірі жарыстардан шеттетіліп, үлкен спортқа 2018 жылы оралды.