Доландықтар наразылыққа шықты
Primary tabs
Бүгін Каскелен кз түсірілім тобы Долан ауылына бет алды. Аталған елді мекен тұрғындары біз арқылы жергілікті билікке өз проблемаларын жеткізгісі келеді.
Доландықтарды алаңдататын басты проблема – мектеп. Үш мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде бастауыш мектеп қана бар. Мектеп болғанда да, атына заты сай емес. Тура жетпіс жыл бұрын салынған жер үй. Бір жағы тұрғын үй болса, екінші жағы білім ошағы. Аядай алты бөлмеде балалар білім алуда. Ал мектеп директоры мен мұғалімдерге кабинет жоқ, дәлізде отыр. Тұрғындардың айтуынша мектептің шатыры да апатты жағдайда екен.
Біздің түсірілім тобы Доланға барғанда ауыл әкімінің халық алдында есеп беру жиналысы өтіп жатыр екен. Басқосуға біз де қатыстық. Ауыл әкімімен бірге халықпен жүздесуге аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева да келіпті.
Жиналғандар жоғары жақтағыларға бірінен соң бірі жанайқайын айтты.
Шулаған халықты шенеуніктер сабырға шақырып әлек. Олар жуық арада мектеп салынатынын, ол үшін қаражат бөлініп, екі жарым гектар жер сатып алынғандығын жеткізді.
Айтпақшы, жер демекші, мектеп құрылысына арнайы сатып алынған жер теліміне қатысты да даулы мәселе бар көрінеді. Тұрғындардың айтуынша бұған дейін де, яғни 2005 жылы Долан ауылындағы мектеп құрылысына жер телімі бөлінген. Алайда, кейін ол сатылып, жекеменшікке өтіп кеткен. Кезінде мектеп құрылысына бөлінген жер телімін сатуға қатысты тиісті органдар арнайы тексеріс жүргізіп, халыққа айқын ақпарат береді деп сенеміз.
Жиында мектеп тапшылығынан өзге, доландықтар ауылдарында қордаланып қалған басқа да проблемаларды көтерді. Ал ауыл әкімі олардың барлығы рет-ретімен шешімін табатынын айтты.
Тағы бір айта кетерлігі, араға үш күн салып доландықтар тағы да мектептің алдына жиналды. Олар апатты жағдайда тұрған мектепке балаларымызды оқытпаймыз деп наразылық білдірді.
Жиналған жұрт мектептің алдында үш сағаттай тұрды. Олардың алдына бастапқыда ауыл әкімі, кейіннен аудан әкімінің орынбасарлары мен аудандық білім бөлімінің өкілдері келіп, жуық арада ауылда жаңа мектеп бой көтеретініне сендірді.
Толық сюжет КАСКЕЛЕНКЗ ютуб арнасында: