"Екі бүйрегі солып қалған": Бес жылдан бері бүйрексіз жүрген азаматтың жары жанұшыра көмек сұрады

Primary tabs

Мамыр 05, 2021 / 0 комментарии

Бес жылдан бері екі бүйрегінен айырылып, төсек тартып жатқан алматылық Бағлан Айдархановтың жағдайы күн санап нашарлауда. Бұл туралы Бағланның жұбайы Гүлнафис Ілиясова Kaskelen.kz тілшісіне баяндап, көпшіліктен жанұшыра көмек сұрады. Гүлнафистің айтуынша, жолдасының екі бүйрегі толығымен солып қалған. Ал оған ота жасауға пәтер жалдап тұратын отбасының мүлде шамасы жетер емес. 

Гүлнафис пен Бағлан Алматыға Түркістан облысынан көшіп келген. Жұбайлар екі бала өсіріп, көппен бірдей тыныш өмір сүріп жатқан. Алайда, бес жыл бұрын отағасының қан қысымы дереу көтеріліп, екі бүйрегі бірден істемей қалады. Әйелі ауруханаға жетемін дегенше, дәрігерлер Бағланның өмірін құтқару үшін екі бүйрегін де алып тастаған. Бүгінде ол тек қана гемодиализдің көмегімен өмір сүруде.

"2016 жылдан бері көргеніміз осы. Күйеуімнің екі бүйрегі істемегені біздің отбасымыз үшін үлкен трагедия болып тұр. Бүгінге дейін туысқандарымыз қолынан келгенше көмектесті, оларға көп рахмет. Бірақ дәрігерлер Бағланның бүйрегін ауыстырмаса болмайтынын айтып, дабыл қағуда. Ал бұған біздің мүлде шамамыз жетпейді.

Күйеуімді портал бойынша гемодиализ алу үшін күн сайын қаладағы ауруханаға алып келемін. Екі бала сабақта. Өзіміз қазір жолдасыма мүгедектік үшін берілетін 70 мың теңгеге жан бағып отырмыз. Оның 20 мың теңгесі жалдамалы пәтерге кетеді. Қаланың сыртында сәл арзандау болғасын, Боралдайда тұрып жатырмыз", - дейді Гүлнафис.

Гүлнафис пен Бағлан бірі күзетші, бірі еден жуушы болып жұмыс істеген. Бірақ Бағланның денсаулығы нашарлаған соң, әйелі жұмыстан шығып, өзін түгелдей жолдасының күтіміне арнап отыр. Көмек сұрап баратын жері, басатын тауы қалмаған олардың бар үміті оқырмандарда. 

"Көпшіліктен қасиетті Рамазан айында жалынып көмек сұраймыз. Жолдасыма бүйрек салмаса, өмірі қыл үстінде тұр. Ал оған қыруар қаражат керек. Шетелде бүйрек салдыру арзандау екен. Оған еш мүмкіндігіміз жоқ. Еліміздегі А. Сызғанов атындағы ғылыми хирургиялық орталықта ота жасатуға болады. Тағы да қаржыдан қысылып тұрмыз. Басымызға түскен ауыр жағдайда көмектесулеріңізді сұраймыз", - дейді Гүлнафис.

Бағлан Айдархановтың денсаулығына алаңдап, көмек көрсеткісі келетіндер үшін төмендегі реквизитті ұсынамыз:

Kaspi Gold номері: 8 702 594 45 86, Ильясова Гүлнафис Пердебековна