Еліміздегі қалалардың бірінде карантин талаптары күшейтілді

Primary tabs

Мамыр 15, 2021 / 0 комментарии

Шымкенттің бас мемлекеттік санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев карантин режимін ұзарту туралы жаңа қаулыға қол қойды. Қаулының толық мәтінін Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жария етті. 

Қаулыға сәйкес, Шымкент қаласында карантин режимін және коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі шектеу шаралары 2021 жылдың 16 мамырынан бастап эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанша ұзартылатын болды.

Одан бөлек, Шымкент қаласының тұрғындарына және қонақтарына адам көп жиналатын іс-шараларды (еске алу, туған күндер, мерейтойлар, шығарып салу, құдалық, той, беташар және басқа) өткізуге тыйым салынды.

Сонымен қатар 65 жастан асқан тұрғындардың қалада жүруі шектелетін болды. Қоғамдық орындарға (оның ішінде қоғамдық көлікте) және қызметіне рұқсат етілген нысандарға барған кезде, сондай-ақ ашық ауада орналасқан қоғамдық орындарда болған кезде (5 жасқа дейінгі балаларды және ашық ауада спортпен шұғылдануды қоспағанда) бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау және антисептиктерді пайдалану бойынша талаптар қатаң сақталуы тиіс. 

Банкет залдардың, мектеп асханаларының жұмысына тыйым салынады, сондай-ақ қоғамдық тамақтану объектілерінде және басқа да жерлерде салтанатты, естелік іс-шараларын өткізуге рұқсат жоқ. Ал саяжайлар, скверлер, жағалаулар және Шымкенттегі автовокзалдар мен автостанциялар жұмысы қалыпты режимде жүргізіледі. Қаулы 16 мамырдан бастап өз күшіне енеді. Қаулының толық мәтінін сілтеме арқылы өтіп, оқи аласыз.