Жабылған жолдың азабы

Primary tabs

Мау 12, 2019 / 0 комментарии

Қаскелең қаласына қарасты «Южный» ықшам ауданы, 21 квартал тұрғындары бүгінде әрлі-берлі емін-еркін қатынаудан қалған. Тіпті, енді оларға жедел жәрдем мен өрт сөндірушілер де келе алмайды. Себебі, оларға барар жол жекенің меншігіне сатылып кеткен.

 Осыдан бірнеше жыл бұрын осы аумақтағы жеке қосалқы шаруашылық үшін мақсатты жер телімдерін қомақты қаражатқа сатып алғанда осындай мәселе туындайтынын білмедік деп ашынып отыр тұрғындар. Бүгінгі күнге дейін өздері ақша жинап, шамалап тегістеп алып, әрлі-бері емін-еркін жүріп жүрген жолдарының кенеттен жабылуы оларды әуре-сарсаңға түсірген. Жерді сатып алғанын айтқан қожайын аумағына айналдыра қоршау тұрғызбақшы. Ал, ондаған үйдің мекендеушілері енді өздері жұмыстарына, балалары сабақтарына қалай барарларын білмей дал.

 «Не арғы жақ, не бергі жақ арқылы орталыққа шыға алмаймыз. Мүлдем жол жоқ. Жер телімдерін сатқанда неге ойламаған?» дейді зейнеткер Сынжамал Мамышева.

Ал, жас ана Назерке Әмірхан өз кезегінде кішкентай балалары ауырып қалған кездері жедел жәрдем үйіне дейін жете алмай қиналғандарын тілге тиек етті.

Тұрғын Оксана Бобенконың айтуынша, мәселе қылаң бере сала тұрғындардың алғашқы әрекеті жергілікті атқарушы органдарға ұжымдық арыз жазып өткізу болған. Алайда, қолдау мен көмекке сенген жұртшылықты шенділердің жауабы аса қанағаттандырмады. Себебі, әкім жол жиегіндегі қалың ағашты өз күштеріңмен отап, жол салып алыңдар деп тапсырған.

Бір таң қаларлығы, тұрғындар дау қылған жолды бойлай, электр тоғының бағаны да, газ құбыры да тартылған. Енді олардың тұрған жері де сатылған жер телімінің ішінде болғандықтан, қожайын тұғырын құйған қоршаудың ішіне қалып қойған. Сонда, газ бен электр жарығын жүргізген мекеме мамандарының бағаналарды қалай біреудің жер теліміне салып кете барғаны бүгінде көпшілікті таң қалдырып отыр.

Қазір өз жолдарымен емін еркін жүруді армандайтын қаскелеңдіктер аудан әкімінен бастап, бірқатар тиісті бөлімдерге ұжымдық хат жолдауға кіріскен. Дегенмен, БАҚ арқылы жан-айқайымыз жоғарғы жаққа жылдамырақ жете ме деген үмітпен бізге де арнайы хабарласыпты. Егер осы әрекеттерінен түк шықпаса тұрғындар басқа да құзіретті мекемелерге шағымдануға бекініп отыр. Себебі, жол азабынан әбден қажыдық дейді...