Жақсылық Үшкемпіров жасөспірімдермен жүздесті

Primary tabs

Жел 13, 2019 / 0 комментарии

  Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қазақ күресінен Қарасай ауданының ашық біріншілігі өтті, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі. Жамбыл ауылындағы №2 мектепте ұйымдастырылған салтанатты шараға Кеңес Одағының классикалық күресшісі, ҚСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КСР-ның еркін күрес бойынша жеңімпазы, Әлем чемпионы, Әлем кубогының күміс жүлдегері, Кеңес Одағының және КСРО біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров арнайы шақырылды.

Абай Құнанбаев атамыз айтқан, адамның асыл қасиеттерін айқындайтын ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек иесін мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындары үлкен ықыласпен қарсы алды. Алдымен жиналғандар түгелдей жиынжайдағы мектеп өнерпаздары дайындаған сахналық қойылымды тамашалады. Жасөспірімдер бүгінгі азаттыққа дейін ата-бабалары жүріп өткен ауыр жолды тарихтан түйсініп алғандарын байқатты.

Оқушылар қойылым арқылы бастап берген ойды сахна төріне көтеріліп сөйлеген мектеп директоры Шолпан Оспанова мен арнайы шақырылған қадірменді қонақтар да жалғай түсті. Балаларға өсиет әңгімелер айтылып, қадірменді мейман иығына қазақы салт-дәстүрмен шапан жабылды. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих дегендей, тамаша күннің естелігі сурет болып сақталды.

Жақсылық Үшкемпіров 1951 жылы 6 маусымда  Жамбыл облысына қарасты Тегістік ауылында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін, Семей қаласындағы мал дәрігерлік институтына түсіп, зоотехникалық мамандықты таңдаған. 1974 жылы институтты тәмамдап, қазақ жеріне еңбегі сіңген жаттықтырушы В.А. Писаревтің басшылығымен Алматыға ат басын бұрады. Кішкентайынан қазақша күреспен айналысқан ол жоғары оқу орнында білім алып жүріп, күрестің классикалық және еркін түрлерімен шұғылдана бастаған.

 Қазақстан тәуелсіздік алған соң, Жақсылық Үшкемпіров кәсіпкерлікпен шұғылданады. Жеке мал шаруашылығын ашады. Қазіргі таңда ол кәсібін табысты жүргізіп отыр. Сонымен қатар ол Алматы облысының Мыңбаев ауылында өз қаражатына спорт кешенін, 100 орындық балабақша салған.

 Сонымен қатар тәуелсіздік мерекесіне орайластырылып бұл күні облыстық деңгейде қазақ күресінен Қарасай ауданының ашық біріншілігі де өткен болатын. Бірнеше ауданнан жиналған кішкентай палуандар боз кілем үстінде бақ сынап, жүлдегер болу үшін жанталасты.

 

 Күш атасын танымас демекші, бірі аяқтан шалып, бірі жанбасқа салып қарсыласының жауырынын жерге тигізген кішкентай күресшілерге аталарының көңілі толды. Талай сындарлы бәсекелерде жеңістің тәтті дәмін сезінген палуан өскелең ұрпақ арасында да осындай саламатты өмір салтына құмар балалардың барына шын қуанды. Олардың әрқайсысына жанкүйер болды.

 Жанына жақын спорт түрін үлкен ықыласпен тамашалаған әлем чемпионы жасөспірімдерге жақсы тілегін арнап, ақ батасын берді. Балдырғандарды ынталандырып, жеңіс тұғырынан көрінген жас палуандарды өзі марапаттады.