"Жер-Ана" қарасайлықтарды бірге алма егуге шақырады!
Primary tabs
Алып мегаполис Алматы қаласында бірнеше жылдан бері «Алма-қала» акциясы аясында үлкен игі шаралар өтеді. Атап айтқанда, құрамында жазушылар, саясаткерлер, бизнесмендер, және тағы басқа қала белсенділері бар бастамашыл топ жергілікті атқарушы органдар қарастырып-бөліп берген арнайы жер телімдеріне, жаңа тұрғын-үй массивтері мен әлеуметтік нысандардың айналасына алма ағаштарын отырғызады.
Биыл, Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына орай, Қаскелең қаласындағы «Жер-Ана ЛТД» ЖШС ұтымды ұсыныс тастап, жергілікті жұртшылықты ізгі шараға үлес қосуға шақыруда. Осылайша, ұйымдастырушылар компания имиджін көтерумен қатар, балалар мен жастарды еңбексүйгіштік пен патриотизмге баулып, қаламыздың экологиялық ахуалын жақсартуды да мақсат етіп отыр. Бұл туралы базар әкімшілігі редакциямызды арнайы хабардар етті.
Нақты айтқанда, «Жер-Ана ЛТД» ЖШС өзге де әріптестерін, жалпы аудан тұрғындарын отбасымен бірге алма ағашын егуге шақырады. Келетін адамдар тек отырғызатын көшеттерін алып келуі керек.
Акция үстіміздегі жылдың 3 мамырына жоспарланып отыр. Бұл күні ашық аспан астында ақ дастархан жайылып, даладағы алып қазанда дәмі тіл үйіретін ерекше палау әзірленетін болады.
Бұл бір жағы жалпы қарасайлықтардың ауызбіршілігін арттырып, тұрғындардың достығын нығайтатыны да сөзсіз. Осы орайда, жыл басынан бері аудан мерейтойына байланысты игі бастамаларды көтеріп, жақсы жұмыстарды қолға алып жатқаны үшін аудандық әкімдікке ерекше алғыс айтқанымыз да жөн.