"Жоғалған турист болуы мүмкін": Өгем шатқалынан тағы бір адамның денесі табылды

Primary tabs

Мау 13, 2021 / 0 комментарии

Түркістан облысының Сайрам-Өгем шатқалынан тағы бір адамның денесі табылды 

2021 жылдың 12 маусымында Өгем өзені көпірінің сол жағынан Азартеке жотасына дейінгі бағыттағы зерттеулер барысында Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Түркістан облысының Мақпалсай шатқалынан бір адамның денесін тапты.

Шатқал теңіз деңгейінен 1000 метр биіктікте орналасқан. Таулы рельефтің, жартасты беткейлердің көптігінен денені тікұшақпен тасымалдау мүмкін болмапты. РЖҚЖ құтқарушылары Өгем өзені арқылы өтетін өткелді (ағыс жылдамдығы секундына 20 метр) жаяу жүріп, мәйітке қарай жылжыған. РЖҚТ қызметкерлері мәйітті әуе кемесіне дейін жаяу көтеріп апарып, жүкшығырдың көмегімен әуе кемесіне көтерген. 

Алдын-ала мәліметтер бойынша, табылған мәйіт 2004 жылы туған жігіттікі екені анықталды. Жоғалған жігіттің әкесі өз ұлының денесін таныған. Табылған мүрде сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды. 

Іздеу жұмыстарына Түркістан облысы ТЖ және полиция департаменттерінің, ҰҚК Шекара қызметінің, орман шаруашылығының, Өзбекстан Республикасы ТЖМ 127 қызметкері, 15 бірлік техника, 3 квадрокоптер, 3 кинологиялық есеп, 1 тікұшақ және жоғалған туристердің туыстары жұмылдырылды.

Іздеу жұмыстары сегіз бағыт бойынша жүргізілуде. Айта кетейік, осыған дейін Түркістан облысының Төле би ауданы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық саябағы аумағында жеті адамның жоғалғаны жайлы хабарлаған едік. Туристер 21 мамырда жаяу "Сары-айғыр" шатқалына бет алған және 24 мамырда қайту қажет болған. Алайда қайтар жолда адасып кеткен. 28 мамыр күні жоғалған жігіттердің үшеуі аман-есен табылды. Кейін ТЖМ туристерді эвакуациялау сәтінен видео да жариялаған еді. 29 мамырда тағы екі туристің денесі табылды. 

Қалған екі туристі іздеу жұмыстары жалғасуда. Оларды іздеуге Өзбекстан құтқарушылары да жұмылдырылған. Ал 12 маусым күні табылған мәйіттің тұлғасы сараптама нәтижесінен кейін ғана белгілі болады.