Келер жылдан бастап қазақстандықтар декларация тапсырады
Primary tabs
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтар өз табыстарын декларациялауға міндеттеледі. Қаржы министрлігінің өкілдері ел тұрғындарының табысын бақылау – көлеңкелі экономикамен сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін аса қажет екенін айтып отыр.
Келер жылы жүзеге асырылатын жалпыға бірдей декларацияны тапсыру тәртібі туралы Қарасай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері айтып берді.
Декларация тапсыратын тұлғалар қатарында Қазақстанның кәмелетке толған азаматтары, оралмандар мен тұруға ықтияр хаты бар адамдар; атында тіркелген мүлкі бар немесе табыс табатын кәмелетке толмағандар бар. Сондай ақ Қазақстан Республикасы аумағында мүлігі немесе қатысу үлесі бар шетелдіктер де қатысады.
Декларация жүйесінің өзі екі түрге бөлінеді. Оның біріншісі, бір рет қана тапсырылатын «кіріс» декларациясы. Екінші құжат «жеке тұлғалардың табысы және мүлкі туралы декларация» деп аталады және ол жыл сайын тапсырылады.
Мамандардың сөзіне қарағанда декларациялау кезінде жеке тұлғалар: жеке меншік мүлкін, соның ішінде пәтерлерін, жер телімдерін, көліктерін, банктердегі салымдарын, және де жеке тұлға мәдени құндылықтарын, зергерлік бұйымдарын, биологиялық активтер түріндегі басқа да мүліктерін, тіпті қарыздарын да көрсетуі тиіс екен. Аталған есепті екі мезгілде - 15 шілдеге дейін қағаз түрінде, ал 15 қыркүйекке дейін — электронды ұсынуға болады.
Алдын-ала есептеу бойынша, келер жылы 18 жасқа толған азаматтарды есепке алғанда шамамен 13 миллионға жуық адам декларация тапсырады деп жоспарлануда, оның ішінде 7 миллионнан астамы қала халқы болса, ал 5 жарым миллионы ауыл тұрғындары болмақ.
Толығырақ ақпарат берілген материалдың бейне нұсқасын kaskelenkz ютуб арнасындағы 16.02.2019 жылғы жаңалықтар топтамасынан көре аласыздар.