Көлік полицейлері 8 жылқының иесін анықтап, оны теміржол бойында мал жайғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты

Primary tabs

Қар 13, 2020 / 0 комментарии

«Ағымдағы жылғы 11 қарашада сағат 22.35-те Орал станциясындағы Желілік полиция бөліміне «Пепел» разъезінде жүк пойызының машинисі теміржол үстінде жайылып жүрген үй жануарларын байқап, соқтығысуды болдырмауға тырысып, шұғыл тежеу қолданғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Шұғыл тежеу қолданылғанымен, поездың қағып кету салдарынан 8 бас жылқы өлді. Поездың жоспарланбаған тоқтау уақыты 14 минутты құрады», - деді Көліктегі полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Байкенов.

«Аталған факті бойынша оқиға орнына Орал ст. ЖПб-нің жедел-тергеу тобы шықты. Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде үй жануарларының иесі болып табылатын Батыс Қазақстан облысының тұрғыны анықталды.

43 жастағы құқықбұзушы әйелге  ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 1-бөлігі, яғни, темiржол арқылы ат-арба көлігімен (шаналармен) өту және жүк артылған, мініс малды және табынды айдап өту, темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу фактісі бойынша  5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды», - деп растады сөзін полиция подполковнигі.

«Ағымдағы жылдың басынан бері теміржол төсемінде малдың болуына байланысты пойыздарда шұғыл тежеудің 1628 фактісі тіркелді. Темір жолдардың бөлінген жолағында мал жайғаны үшін жалпы 1124 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп толықтырды сөзін Байкенов .

Көлік полициясы үй жануарларының теміржолға шығуы пойыздардың қозғалысына қауіп төндіретінін тағы да еске салады. Шұғыл тежеу жолаушылардың денсаулығы мен өміріне, сондай-ақ тасымалданатын жүктерге залал келтіруі мүмкін.

Жануарлармен соқтығысқан кезде локомотив зақымданады, жол шығынға ұшырайды. Пойыздардың қозғалыс кестесінде бұзушылықтар пайда болуына әкеп соғады.