Көпір бюджеті қайта қарастырылуы мүмкін
Primary tabs
«Алматы - Бішкек» трассасы бойындағы автокөліктерге арналған он жолақты алып көпірдің құрылысының созылуына не себеп? Сағаттап созылатын көлік кептелісінің әлегі қашан аяқталады? Осындай сан сауал бүгінде бұл жермен күнделікті қатынайтын жолаушыларды алаңдатып отырғаны анық.
Еске сала кетсек, құрылыс жұмыстары 2017 жылдың қараша айында басталған. Ұзындығы 3 шақырым 859 метрді қамтитын бұл жол бөлігінің кеңейтілуі әу баста екі жылға жоспарланған еді.
Жоба авторы «Астана СтройПроект Сервис-М» ЖШС-і болып табылады. Жобаға сәйкес, күрделі жөндеу жұмыстары екі кезең бойынша іске асуы қажет. Оның аясында, Алматы қаласының шыға беріс жолы мен Ақсай өзені арасындағы тас жолдың жөнделуі көзделген. Бұдан бөлек, жаяу жүргіншілерге арналған үш аспалы көпір орнатылады деп күтілуде. Олар «Апорт» сауда орталығының, «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің және «Алтын Орда» базарының тұстарында тұрғызылады. Сонымен қатар, көліктердің кері бағытта бұрылуын ескерген жоба авторлары Алматы қаласынан шыға берістегі жол басында аспалы темір бетон эстакадасын орнатуды жобалап отыр. Оның құрылысы басталып қойған. Бұдан бөлек, «Алтын орда» базарының аспалы көпірі қайта жаңартылатын болады.
Дегенмен, басында қарқынды басталған іс барысы көп ұзамай тоқтап қалды. Бұл әлбетте күнделікті Алматыға қатынайтын жолаушылардың әсіресе темір тұлпар тізгіндеушілердің наразылығын туғызғаны белгілі. Себебі, онсыз да күніне 50 мыңнан астам көлік өтетін бұл маңдағы жол азабынан әбден шаршаған еді жұрт. Құрылыс жұмыстарының басталуы кептелісті одан сайын күшейтті. Бірақ, осы көпір жасалса мәселенің бәрі түбегейлі шешіледі деп үміттенген жұртшылық түрлі себептермен созыла берген құрылысқа көңілі толмайтындықтарын жеткізіп жатты.
Осыдан бірер ай бұрын БАҚ өкілдері халықтың өкпе-наласына назар аударып, бұл тақырып аясында сөз қозғай бастағанда, барлық сұрақ "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясына тікелей қойылған еді. Ол кезде мекеме басшысының орынбасары Нұрхат Ақылтаев жол маңындағы кей базарлар иелері сауда орнына кіре берістерді де жасауды талап етіп отырғанын алға тартқан. Сондай-ақ, сүрілуге тиіс жанармай бекеттерінің мемлекет ұсынған өтемақыны азсынып, келісімге келмеуде деген. Сол себепті, бұл мәселе қазір сотта қаралып, жұмысқа кедергі келтіріп тұрғаны, соған қарамастан, негізгі жұмыстың 60 пайызға бітіп тұрғаны айтылған болатын.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына қайта жан біте бастаған. Жол бойында жұмысшылар мен ауыр техникалар бой көрсетіп, едәуір өзгерістер байқалады. Аспалы және айналма көпірлердің тағандары тұрғызылған. Бірқатар трасса жиегіндегі ірілі-ұсақты нысандар алынып тасталынған.
Соңғы кездері жұртшылық Апорт моллының алдындағы кептелісте сағаттап тұрамыз деп шағым айтып жатыр. Оның себебі, мына жол бойын кеңейту үшін жасалынып жатқан жұмыстарға байланысты. Тегістеліп, асфальт төселіп жатқан жолдың тезірек бітуі – жолаушылардың ортақ арманына айналған бүгінде.
Дегенмен, таяуда БАҚ құралдарында шыққан мәліметтерге қанық болған жұртшылық көпір құрылысы тағы да тоқтап қала ма немесе әлі де созыла түсе ме деп үрейленуде. Себебі, бұл жолы "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының өкілдері тағы бір мәселенің шетін шығарды.
Таяуда тілшілерге берген сұхбатында ұлттық компанияның өкілі Нұрхат Ақылтаев көпірдің жылдам салынып бітуіне нақты үш кедергі бар деді.
Біріншісі – мемлекет ұсынған қаражатты азсынып, келісімін бермей отырған жанармай бекеттері. Оның екеуі де бір компанияға тиесілі. Бірі үлкен құрылыс дүкенінің дәл алдында тұрғандықтан, жоба бойынша айналма эстакаданың астына түсіп тұр. Екіншісі Іргелі ауылына апарар бұрылыста, яғни жүру жолағы түсетін жерде орналасқан.
Екінші кедергі - жол құрылысының жобасы сызылғанда трасса бойындағы ірі сауда орындарына кіріп-шығу жолақтарын салу ескерілмеген. Енді одан бергі 2-3 жыл ішінде үлкен гипермаркеттер бой көтеріп, базардың модернизациясы жүргізіле бастаған. Яғни, ашық базардың орнына жабық үлкен кешен пайда болған. Сол себепті қазір мердігер мекеме сауда алаңдарына кіріп-шығу жолақтарын жасауға мәжбүр. Бұл бөлінген қаражаттан артық шығындар пайда болып жатыр дегенге саяды.
Үшіншісі – көпір құрылысының сметасы, яғни, құрылыс материалдарына кететін шығын 2016-2017 жылғы нарықтағы бағамен есептелген. Қазіргі кезде доллар бағамымен бірге, азық-түліктен бастап, киім-кешек қана емес, құрылыс материалдарының да құны шарықтай түскені белгілі. Сол себепті, мердігер мекемеде қаржылық қиындықтар туындауда .
Яғни, бұдан белгілі болғаны, алдағы уақытта дүйім жұрт аяқталуын тағатсыздана күтіп жүрген бұл көпірдің бюджеті қайта қарастырылуы мүмкін. Қарастырылған күннің өзінде, қосымша қаржының бөлінуіне тағы да уақыт қажет болмас па екен? Ол жағы әзірге белгісіз. Бұл мақсатта қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатқан көрінеді.
Жауапты мекеме қазір көпір құрылысына 200 жұмысшы, 50 техника жұмылдырылған деп отыр. Жоспар бойынша, нысан толықтай 2020 жылдың соңында бітуі керек. Құрылысқа жауапты мамандар ол үшін ауа райы қолайлы кезде мүмкіндігінше ширақ қимылдап, қайтсек те үлгереміз деп отыр.
Осылай, журналистер қауымы жарыса таусылмайтын жолдың әлегін жырлап, ал кептелістен мезі болған жолаушылар тұралап қалған құрылысты жіті қадағалап жүрген уақытта тағы бір жағымды жаңалықтың шеті жылт етті. Бәлкім, болашақта қаскелеңдіктер Алматыға машинамен не лық толған маршрутты автобустармен емес, поездармен қатынауы мүмкін! Ия, ия, тек кәдімгі поезд емес, электр поездарымен.
Бірер күн бұрын ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев Талғар мен Қаскеленен күнкөріс қамымен осында келетіндер санының айтарлықтай артқандығын атап өтті. Әкім бұл мәселені электр теміржолдарын салу арқылы шешуге болатындығын жеткізді. Үкіметтен осы маңызды қоғамдық жобаны бастауға қолдау білдіріп, оның кезең-кезеңімен іске асуына ықпал етуді сұраған Сағынтаев «Алматы-Ұзынағаш бағыты бойынша бірнеше электр теміржол рейсі қосылғанын, жаңа жылдан бастап Қапшағай бағыты да жұмысын бастайтындығын жеткізді.
Әрине, бұл әлі жай ғана ұсыныс және оның қаншалықты қолдау тауып, жүзеге асатыны да белгісіз.
Клара Көпбаева