Министрлер өңірлерді араламақ
Primary tabs
Биылғы төл мерекелерін еліміздің аналар қауымы үлкен өзгерістермен және маңызды әлеуметтік жаңалықтармен қарсы алып отыр. Ол жайлы БАҚ жаппай айтып та, жазып та жатыр. Әсіресе, ақ жаулықтылар бүгінде Елбасының тапсырмасына сай әр балаға төленетін 21 мың теңге өздеріне бұйыра ма жоқ па, соған алаңдаулы. Таяуда мемлекетіміздің су жаңа еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көпшіліктің көкейіндегі бұл көп сұраққа жауап берді.
«Адам басына шаққандағы кіріс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 процентінен, яғни 20 789 теңгеден сәл ғана асып кетсе, бұл отбасы тұрмысы нашар отбасы санатына кірмейді. Себебі тәртіп сондай» деді министр.
Яғни, бұл әлеуметтік көмек тағайындаларда отбасының таза табысы есепке алынады. Таза табыс дегеніміз – ай сайын, салық, зейнетақы қоры сияқты міндетті төлемдерді алып тастағанда қолыңызда қалатын қаражат. Осы қаражат жанұядағы барлық мүшенің санына бөлінеді. Бұдан басқа, отбасында ата-әжеңіз тұрып жатса, олардың зейнетақысы да есепке алынатынын біліңіз. Демек, бұл әлеуметтік көмекке ие болу үшін сіз өзіңіздің шынымен жағдайыңыз төмендігін дәлелдеуіңіз қажет. Бір қуантарлығы жан-жақтан құжат жинап жүгірмейсіз, жағдайыңыз төмен екені анықталса тек төлқұжатыңызды көрсетсеңіз жеткілікті.
Көмекті рәсімдеумен ауыл, аудан әкімдері мен жұмыспен қамту орталықтары айналысады.
Үстіміздегі жылдың шілдесінен бастап берілуі тиіс осы атаулы қаржылай көмек енді 1 сәуірге жылжытылды. Бұл туралы Президент 6 наурызда өткен әлеуметтік саясатты іске асыруға арналған жиында айтып, министрге нақты тапсырма берді.
Енді министрлік өкілдері барлық өңірлерді аралап, үкімет тарапынан көрсетілетін көмектер жайында халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді мақсат етіп отыр. Атаулы әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындайтын тиісті заңнамаларға да өзгерістер енгізілген. Енді оны осы айдың соңына дейін парламент мақұлдауы тиіс. Себебі, Елбасы әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналар мемлекет ұсынған жәрдемдің жылылығын тезірек сезінулері қажеттігін қадап айтты.