Министрлікте еліміздегі оқушылардың көктемгі және күзгі каникулын қысқарту ұсынылды
Primary tabs
Білім және ғылым министрлігі "Ашық НҚА" порталында алдағы 2021-2022 оқу жылында мектеп оқушыларының каникул мерзімдері көрсетілген бұйрық жобасын жариялады
Құжатқа сәйкес жаңа оқу жылы дәстүрлі түрде 2021 жылдың 1 қыркүйегінде басталады. Оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптар үшін 33 оқу аптасын, 2-11 (12)- сыныптар үшін 34 оқу аптасын құрамақ.
"Мейрам күндеріне түскен сабақтар оқу бағдарламасы мазмұнының кіріктірілуі ескеріле отырып, қайталауға арналған сағаттар есебінен келесі жұмыс күндеріне ауыстырылады", - делінген құжатта.
Одан бөлек, құжатта оқу жылы ішіндегі каникул кезеңдері де көрсетілді:
Күзгі каникул – жеті күн (2021 жылғы 25-31 қазан аралығында)
Қысқы – 11 күн (2021 жылғы 31 желтоқсан мен 2022 жылғы 10 қаңтар аралығында)
көктемгі – 11 күн (2022 жылғы 21-31 наурыз аралығында) болмақ.
Сонымен қатар, 1-сыныптар қосымша жеті күн (2022 жылғы 7-13 ақпан аралығында) демалатын болады.
Құжатта аталмыш бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетіні жазылған. Айта кетсек, өткен жылы күзгі каникул 5-15 қазан аралығында он күнге созылған болатын. Ал көктемгі каникул 21 наурыз -1 сәуір аралығында 12 күнді құраған. Қыста қазақстандық оқушылар 31 желтоқсан - 10 қаңтар аралығында 11 күн демалған еді.
Еске салсақ, бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мұғалімдерге арнаған хатын жария еткенін жазған едік.