Мырзағали АЙТЖАНОВ: «Спортшылар келеді, кетеді. Ал жаттықтырушылар қалады»

Primary tabs

Мау 24, 2020 / 0 комментарии

ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы, AIBA-ның екі рет үздік бапкері атанған Мырзағали Айтжанов – еліміздегі талай спортшылардың бағын жаққан бапкер. Оның шәкірттері олимпиадаларда, әлем және Азия чемпионаттарында, жазғы Азия ойындарында қазақтың атын әлемге танытып, жеңіс тұғырынан Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатып келеді. Атап айтар болсақ, Пекин олимпиадасы мен әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанған Еркебұлан Шыналиев, қос әлем чемионы Біржан Жақыпов пен Қайрат Ералиев және т.б.

Солардың бірі, қазіргі кезде ұлттық құраманың мүшесі болған, жазғы олимпиада ойындарының жүлдесінен басты үміткер Бек Нұрмағанбет те бар еді. Өкінішке қарай, 22 жасар қазақтың талантты боксшысы әуесқойда өзінің барлық мүмкіндігін бере алмай, кәсіпқой боксқа бет бұрды. Бұл туралы Б.Нұрмағанбеттің жеке бапкері болған Мырзағали Құланұлымен хабарласып, пікір білдіруін сұраған едік.

 

Бәріне мәлім, ең алдымен қаржы мәселесі осы жолды таңдауға себеп болады. Кәсіпқой бокс қаржысымен қызықтырады. Сол себепті кәсіпқойдың промоутерлері және басқалары, ұлттық құраманың белді мүшелері соған қызығып кетіп жатыр. Бекке де үлкен сенім артып, келешегінен зор үміт күткен болатынбыз, тек мен ғана емес, бүкіл қазақ елі. Сол себепті «әттеген-ай» дейміз. Бірақ біздер совет заманында туып-өстік, тәрбиесін алған буынбыз ғой, кеңес кезінде боксшы ретінде де, бапкер ретінде қалыптастық қой. Сол кезден айтылған бапкерлердің сөзі бар: «Спортшылар келеді, кетеді. Ал жаттықтырушылар қалады». Әр шәкірттің әртүрлі мінезі болады. Қанша үміт артсаң да, жанкүйерлердің сенімімен де санаспай, олимпиаданы да, әлем чемпионатын да, басқасын да күтпей, өз қалауымен шешім қабылдай береді.

Айналып келгенде, өзінің жеке басының қамы. Елге абырой әперейін, бүйтейін-сөйтейін демейді. Өзіне де түсіндіріп айттым. Бірақ Бек болсын, жеке шәкірттерімнен бөлек, қазақстандық басқа боксшылар болсын, кәсіпқойға өтіп жатса, ақ жол, сәттілік тілеймін. Аңсаған армандарына, алға қойған мақсаттарына жетсін деймін. Жеңістің биік тұғырынан көрінсін!

Бектің өзінің айтқаны бар, “Suleimen Promotions”-қа кетіпті. Енді қазіргі компаниялар кәсіпқой бокстағы тікелей спортшыларға шығады. Бапкерлерімен сөйлеспейді. Сол себепті, біз оны ұстап отыра алмаймыз. Енді қашан шығады, жекпе-жектері қайда өтеді, бұл жауаптарды білмейміз? Енді Ұлттық құрамадан кеткеннен кейін, менің қол астымнан кеткеннен кейін, оған жауапты емеспіз. Оған жауапты – компаниясы. Б.Нұрмағанбет әлі талай елімізді қуантатын спортшы еді. Кей кезде осындай қазіргі нарық заманында кейбір жігіттеріміздің ақырына дейін шыдамай, ертерек көп ақша тапқысы келе ме, басқа оймен бе, кәсіпқой бағытқа қызығып кетіп қалып жатыр. Әзірге еңбек етіп, үлкен дәрежеге көтерілу үшін, үлкен атақпен, шеберліктерін шыңдап, одан кейін 24, 25, 26 жастарында кәсіпқойға ауысса да кеш емес еді. Мен өзім еш өкінбеймін. Бірақ өздері кейін қателік істеппіз деп өкінбесе болды. Әттең, ол кезде тым кеш болуы мүмкін...

 

Әңгімелескен Айбек МҰХАНОВ,

 

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы.